Accessibility links

Жүздеген адам қатысқан Нұр-Сұлтандағы құрылтай қарар қабылдаумен аяқталды


Құрылтайға жиналғандар. Нұр-Сұлтан, 1 маусым 2019 жыл.

Қазақстанның әр өңірінен жүздеген адам қатысқан Нұр-Сұлтандағы "Халық құрылтайы" түскі сағат бірлер шамасында аяқталды. Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, құрылтай соңында қарар қабылданған.

Онда сайлау, саяси партиялар жайлы заңнамаға өзгеріс енгізіп, адам құқығын шектейтін тұстарып алып тастау, парламенттік-үкіметтік басқару жүйесіне көшу, Жер кодексіне "жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді" деген талапты енгізу, Қытайда қудаланған этникалық қазақтардың мәселесін шешу, Қытаймен экономикалық-сауда қатынасын шектеп, инвестициясынан, несиелерінен бас тарту, саяси тұтқындарды босату сияқты талаптар жазылған.

Жиын басталғалы бері қонақ үй әкімшілігі жиналғандардан бірнеше рет ғимараттан кетуді талап еткен еді. Құрылтай соңына таман жиын өтіп жатқан залдың жарығы сөндіріліп, интернет байланыс өшірілді. Осылайша құрылтайға жиналғандар қараңғыда жиналысты жалғастыруға мәжбүр болды.

Жиын соңында жиналғандар құрылтайда қозғалған мәселелер мен қорытындысына байланысты түрлі пікір айтып жатты. Солардың бірі Алматыдан келген Жанат Қазақпай жиынның көңілден шықпағанын, көп сұрақтың шешілмеген күйі қалғанын айтты.

- Ең бастысы 9 маусым мәселесін шешу керек еді. Қазір сайлау қазақты екіге бөлді. Біреуі - "бойкот" дейді, біреуі "Қосановты жақтаймыз" дейді. Бірақ билік қазір қауіпсіздік кеңесінің қолында. Жаңа сайланатын президент ертеңгі күні бәрін Назарбаевтан сұрайтын болады. Егер оның қолында билігі болмаса, онда президенттің не қажеті бар? Нұрсұлтан бәрімізді әрі қарай да басқара береді. Не болды сонда? Менің ойымша, Қазақстан халқы емес, президент төңірегіндегі бір топ азамат ұйымдастырып отырған сайлау алдында ұйымдасуымыз керек, - деді.

Жиынға Павлодар, Шымкент, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Алматы және елдің өзге де қала, аймақтарынан жүздеген азамат қатысты. "Халық құрылтайы" 1 маусым таңертеңгі 11.00 шамасында басталған. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, алдын ала ақшасы төленіп қойған "Думан" қонақ үйі күзетшілері әуел баста "орын жоқ" деп жиналғандарды кіргізбеуге тырысқан. Бірақ бұған наразы болған жұрт ғимаратқа басып кірген.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтандағы жиынға белсенділер басып кірді

Азаттық тілшісі жиыннан кейін "Думан" қонақ үйіне хабарласқан еді. Қонақ үйдің қабылдау бөлмесіндегі телефонды алған қызметкер "құрылтай жайлы білмейтінін айтты".

- Бізде бүгін тек екі жиын өтті. Екеуі де Балалар күнімен байланысты. Қонақ үйде ресми түрде ешқандай құрылтай, жиын болған жоқ, - деді қызметкер.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG