Accessibility links

Алматы соты көп балалы ананы үйқамаққа алу туралы шешім шығарды


Сот ғимаратының сыртында көп балалы ана Оксана Шевчук жеті айлық нәрестесін емізіп отыр. Алматы, 31 мамыр 2019 жыл.
Сот ғимаратының сыртында көп балалы ана Оксана Шевчук жеті айлық нәрестесін емізіп отыр. Алматы, 31 мамыр 2019 жыл.

Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 1 маусымда "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" (Қылмыстық кодекстің 405-бап, 2-бөлімі) деп күдікке ілінген көп балалы ана Оксана Шевчукті үйқамаққа алу туралы шешім шығарды.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов соттан Шевчуктің емізулі нәрестесі болғандықтан оның ары-бері қозғалуына кедергі жасамайтын (мысалы, ауруханаға немесе серуендеуге шығуына мүмкіндік беретін) басқа жаза түрін тағайындауды сұрады. Шевчуктің нәрестесінен бөлек үш баласы (12,10 және 8 жаста) бар. Адвокат өзі қорғап отырған азаматтың қаладан кетпейтінін, полицияның шақыруына тұрақты түрде барып жүргенін айтты.

Алайда сот көп балалы ананы үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Адвокат Ғалым Нұрпейісов сот шешімін апелляцияға беретінін айтты.

Азаттық тілшісі тергеу сотының судьясы Алма Әбдіхалықоваға "үйқамаққа алу жағдайы Оксана Шевчуктің нәрестесімен бірге серуендеуіне рұқсат бере ме?" деп сұраған еді. Судья бұл сұраққа жауап бермеді.

Бүгін, 1 маусымда көп балалы ана Жазира Демеуоваға да бұлтартпас шарасын қолдану бойынша сот өтіп, онда адвокаты Гүлнар Жуаспаева судьяны ауыстыру туралы өтініш жасады. Ол 31 мамырда өткен сот отырысына Жазира Демеуованың баласымен келгеніне қарамастан отырысты түн ортасына дейін жалғастырған судьяға сенбейтінін мәлімдеді.

30 жастағы Оксана Шевчук және 48 жастағы Жазира Демеуова "елде тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу" (Қылмыстық кодекстің 405- бап, 2-бөлімі) бабы бойынша күдікке ілінген. Екеуін де 1 мамырда рұқсат етілмеген митингке шықты деп ұстаған. 9 мамырда да оқиға қайталанған. Шевчук бұған дейін елде сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған) қозғалысына мүше емес екенін, бірақ қозғалыс идеялары көңілінен шығатынын айтқан. Бұған дейін Жазира Демеуоваға "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін 50 500 теңге (шамамен 130 доллар) көлемінде айыппұл салынған.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев менің президентім емес!", "Дариға [Назарбаева] спикерім емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда "елде тыйым салынған ұйымның лозунгін айтып, полицияға бағынбаған" 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Бірақ министрлік жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек таратпады. Азаттық Нұр-Сұлтан мен Алматыда 30-ға жуық адамның жауапқа тартылғанын анықтады. Олардың кейбірі 5-10 тәулікке қамалса, кейбіріне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін айыппұл салынды. Сот ұсталғандарға "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" және "полицияға бағынбады" деген айып тақты.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG