Accessibility links

Полиция Нұр-Cұлтандағы наразы аналарды қоршауға алды


Аналар наразылығындағы полицейлер. Нұр-Сұлтан. 3 маусым, 2019 жыл
Аналар наразылығындағы полицейлер. Нұр-Сұлтан. 3 маусым, 2019 жыл

Нұр-Сұлтан қаласында таңертеңнен бері наразылық білдіріп жатқан көп балалы аналарды полиция қоршауға алды. Олар Ақорданың алдындағы алаңда тұр. Ондаған аналар егер кешкіге дейін президент пен үкімет жетекшісі келмесе өздерінің аштық жариялап, тұрған жеріннен кетпейтіндерін айтады.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев "полиция жасағы аналарды неге қоршауға алды" деген сұраққа адамдардың қауіпсіздігімен байланыстырып жауап берді.

- Адамдар келген соң үкімет өкілдері шығып бәрін түсіндірді. Енді адамдар түсініп заң ретінде қарау керек қой. Мына алаңда біреуге қастандық істеп кетсе не болады?! Біздің қызметкерлер бұл кісілер тарағанша тұрады, - деді полиция өкілі.

Жиналған аналарға кей тұрғындар су әкелді, бірақ полицейлер олардың суын алып өзін қоршауға өткізбей қойды. Бірақ олардың не үшін жібермегенін полицейлер түсіндірмеді.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткені айтылған. Осы оқиғадан соң Қазақстанның бірнеше қаласында аналар наразылығы өткен. Көп балалы, жалғызілікті және мүгедек бала бағып отырған аналар үкіметтің әлеуметтік көмегін сынап, биліктен баспана сұраған.

Қазақстанда көп балалы әйелдер, жалғызбасты аналар мен мүгедек баласы бар әйелдер наразылық білдіріп, әкімдіктерге, парламент пен үкіметке де жиі барып жүр. Олар биліктен жәрдемақы мен баспана мәселесін шешуді талап етеді.

Нұр-Сұлтанда әйелдер бұған дейін де үкіметке және Ақордаға барып, бірнеше рет Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев не премьер-министр Асқар Маминнің кездесуге шығуын талап еткен. Бірақ оларға Назарбаев, Тоқаев не Мамин шыққан емес. Олардың орнына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Астана әкімдігінің өкілдері, мәжіліс депутаттары шығатын. Әйелдер министр, әкімдер, депутаттардың уәдесінен шаршағанын, мәселелерін биліктің басындағыларға жеткізгісі келетінін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG