Accessibility links

Прокуратура 7 айлық сәбидің изоляторда болғандығынан "еш заңсыздық байқамады"


Көп балалы ана Оксана Шевчук кенже қызы Евамен бірге сот ғимаратының алдында тұр. Алматы, 31 мамыр 2019 жыл.

Алматы прокуратурасы жеті айлық Ева Шевчуктің тергеу изоляторында бірнеше сағат отырғандығынан еш заңсыздық таппаған.

Ева Шевчуктің анасы Оксана Шевчук сотпен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деген күдікке ілініп, 9 мамырда изоляторда тергелген. Сол кезде жасқа толмаған Ева Шевчук анасы Оксана Шевчукпен бірге изоляторда отырған.

Осыдан кейін Оксана Шевчуктің адвокаты Ғалым Нұрпейісов "жеті айлық баланы изоляторда ұстаған" полицейлердің үстінен прокуратураға арыз жазған. Адвокат 5 маусымда прокуратурадан жауап алған.

Алматы қалалық прокуратурасының жауабында "Оксана Шевчук пен Ева Шевчукті изоляторға апарған полиция қызметкерлерінің әрекетінен ешқандай заң бұзушылық анықталмады. Себебі Оксана Шевчук баласын туыстарына беруден бас тартты. Оған аудио, видео және өзінің жазған хаты дәлел" деп жазылған.

Полиция 9 мамырда 30 жастағы алматылық көп балалы ана Оксана Шевчукті тергеуге апарған. Сол күні анасы мен баласы 12 сағат бойы полицияда болған. Оксана Шевчуктің айтуынша, сәбиі екеуі екі сағат изоляторда отырған.

Оксана Шевчуктің адвокат Ғалым Нұрпейісов 9 мамырда жеті айлық Ева Шевчуктің құқығы өрескел бұзылды деп санайды. Ол Қазақстан президентіне, Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкіліне, ішкі істер министрлігіне хат жолдап, бала мен ана құқының бұзылғаны туралы уәжін айтып, осы оқиғаға араласуын сұраған.

Оксана Шевчук елде тыйым салған ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген күдікке ілінген. 2009 жылдан бері шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынап жүрген Мұхтар Әблязов құрған тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын 2018 жылы наурыздың 13-і күні Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. 30 жастағы жұмыссыз Оксана Шевчук бұл қозғалыстың мүшесі емес екенін, алайда оның идеялары өзіне ұнайтынын айтады.

Сот 1 маусымда көп балалы ананы үйқамаққа алу туралы шешім шығарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG