Accessibility links

Сенатта Назарбаевқа "құрметті сенатор" куәлігі мен төс белгі табыс етілді


Дариға Назарбаева (оң жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" төс белгісін тапсырып тұр. 6 маусым 2019 жыл.

6 маусымда Нұр-Сұлтанда өткен сенат отырысына Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, оған "құрметті сенатор" куәлігі мен төс белгі табыс етілді.

"Бүгін сенат тарихындағы тағы бір ерекше күн - өткен отырыста депутаттар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметті сенатор атағын беру туралы тарихи шешім қабылдады" деді сенат спикері, бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаева Назарбаевты марапаттап тұрып.

Бұдан соң сенат мүшелері мінберге кезек-кезек шығып, Назарбаевты мадақтады. Депутаттардың бірі "сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз, оны әлем мойындайды" деді.

Көпшілікке құрмет көрсеткені үшін алғыс айтқан Назарбаев "арасында отырысқа келіп, ақыл-кеңестерімен бөлісіп тұратынын" айтты.

"Көп жағдай болды. Көп жұмыс істедік. Көп заңдар қабылдадық. Келіспеген заңдар да болды. Соның бәрін сенат қарап, ретке келтірді. Сондықтан еліміз тыныш болды. Ешқандай жағдайларға жол берген жоқпыз [...] Экономика жағынан сұрапыл күрес жүріп жатыр. Осындай жағдайда біз алпауыт елдердің ортасында отырып, тәуелсіздігімізді сақтап қалдық. Өз саясатымызды жүргізіп, солармен дос болып, жұмыс істеу оңайға түскен жоқ. Қазір айтуға оңай. Бәрі дәл осылай бола қалған сияқты деп ойлайды. Бірақ сандаған келіссөздер, мандаған кездесулер болды" деді сенат отырысында сөйлеген Назарбаев.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, отырысқа ақпарат құралдарын кіргізбеген. Олар өзге залда орнатылған монитордан бақылауға мәжбүр болған. Бірақ жиын басталғаннан кейін жарты сағат өткен соң монитор мүлде өшіріліп, журналистерге залдан шығуға тыйым салған. Сенатта шамамен 40 минут болған Назарбаев бұдан соң отырыстан кетіп қалған.

Бұған дейін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағы берілген еді. Бірақ оның дауыс беру құқығына ие емес екені хабарланған.

Оқи отырыңыз: Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағы берілді

Назарбаевқа "құрметті сенатор" атағын беруді биыл наурызда ант беріп, Қазақстан президенті қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған. 27 мамырда сенат бюросының мүшелері ұсынысты түгел қолдаған.

Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда мерзімінен бұрын отставкаға кететінін мәлімдеген еді. 3 сәуірде ол тиісті конституциялық заңмен реттелетін "Тұңғыш президент – Елбасы міндетіне кіріскенін" хабарлады. Билік бұрын сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшті.

Назарбаев билікте болған жылдары оны "қызметін асыра пайдаланды", "өкілетін демократияға қайшы жолдармен ұзартты", "билікке наразыларды қудалады" деп бірнеше рет айыптаған. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы Назарбаевты ақпарат еркіндігін тұншықтырып отырған "жыртқыштар" тізіміне қосқан. Қазақстан билігі бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарады.​

  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG