Accessibility links

Сот Серікжан Біләштің үйқамақ мерзімін тағы бір айға созды


Серікжан Біләш сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2019 жыл.

7 маусымда Астана қалалық мамандандырылған тергеу соты "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің үйқамақ мерзімін 10 шілдеге дейін яғни бір айға созу туралы шешім шығарды. Сот отырысына Біләш адвокаты Айман Омарова скайп арқылы қатысты.

Прокурор Ерзат Мусеев тергеу амалдары жалғасып жатқандықтан үйқамақ мерзімін бір айға созуды сұрады. Ал адвокат Айман Омарова прокурор өтінішін қанағаттандырмауды, егер қанағаттандырылса, үйқамақты Нұр-Сұлтаннан Алматыға ауыстыруды немесе кепілмен босатуды өтінді. Бірақ адвокаттың бұл өтініштері қанағаттандырылмады. Сотта сөйлеген Серікжан Біләш жүрегіне жасалған ауыр операциядан кейін денсаулығының сыр бере бастағанын айтып, соттан өзін Алматыға ауыстыруды өтінді.

Судья Талғат Сырлыбаев наурыз айында Біләшті қамауға алу туралы қаулы шыққан кезде қамау орны нақты көрсетілмегенін алға тартып, оны Нұр-Сұлтанда ұстау заңға қайшы емес екенін жеткізді.

Қытайдағы қазақтар мәселесін көтерумен танымал болған тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш сотына адам көп жиналды. Олардың арасында оны қолдаған жақтастары, Қытай қазақтары болды. Сот процесі кезінде олар "Серікжанға бостандық!", Stop China! деген жазуы бар плакаттар ұстап, әлсін-әлсін "сот неге әділ өтпейді" деп айғайлап отырды.

Серікжан Біләш соты. 7 маусым 2019 жыл.
Серікжан Біләш соты. 7 маусым 2019 жыл.

Тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшке "араздық қоздыру" бабы бойынша (174-бап, 2-бөлімі) айып тағылған. Бұған дейін де қорғау тарабы отбасы Алматыда болғандықтан Біләшті Нұр-Сұлтаннан сол жаққа ауыстыру туралы өтініш тапсырған, бірақ қанағаттандырылмаған еді. Адвокат Айман Омарова мамыр айының ортасында заң бойынша (Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 146-бабы) адамдарды үйқамаққа алу тұрғылықты мекен-жайы бойынша жүзеге асырылатынын, Біләшті Нұр-Сұлтанда қалдыру заңға қайшы екенін айтқан. ​

Қамау мерзімін ұзартуға байланысты өткен сот отырыстарында Біләш өзін Алматыдан астанаға алып келгеннен кейін қысым көрсетілгенін, Мұхтар Әблязовке қарсы шығып, Айман Омарованың қызметінен бас тартқызуға мәжбүрлегенін айтқан еді. Біләш тергеу органдарына "ыңғайлы" жауапты беруге мәжбүр болғанын айтып, істің саяси астары барын жеткізген еді.

2019 жылы 10 наурыз түнде Серікжан Біләшті Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде жатқан жерінен полиция өкілдері ұстап, Нұр-Сұлтанға алып кеткен. Дәл сол күні "Атажұрт еріктілері" ұйымының Алматыдағы кеңсесін полиция тінтіп, жауып тастады (2 сәуірде қайта ашылды). Кейін Біләштің үстінен бір адамның "Ұлт араздықты қоздырды" деп арыз жазғанын, сол арыздың негізінде ұсталғаны анықталды. 11 наурыз күні сот Біләшті екі айға үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Кейін оның мерзімі 10 маусымға дейін ұзартылды.

"Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 11.12.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:15 0:00
XS
SM
MD
LG