Accessibility links

Қырғызстан мен Өзбекстан ортақ виза енгізу мәселесін талқылады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қырғызстанның Ош қаласында Қырғызстан және Өзбекстан парламенттері арасындағы әріптестік бойынша парламентаралық отырыс өтіп жатыр. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, отырыста Орталық Азия елдеріне арналған ортақ виза жүйесін енгізу мәселесі де талқыланған. Бірақ келіссөздің жай-жапсары әзірге хабарланбады.

Өзбекстан мен Қазақстан 2019 жылдың ақпан айында Еуропа елдерінің ортақ виза жүйесі Шенгенге балама Silk Visa жүйесін енгізуді жоспарлаған. Оған аймақтағы өзге елдер де қосылуы мүмкін екені айтылған.

Алайда жоба ақпан айында іске қосылған жоқ. Өзбекстанның мемлекеттік туризм комитетінің өкілі Улугбек Касимхожаев ақпарат құралдарына "екі елдің өзге елдермен орнатқан визасыз режим жүйесінің әртүрлі болуы" жобаның іске қосылуына кедергі болғанын айтқан. Сарапшы виза құнына байланысты да мәселелер бар екенін жеткізді.

"Қазақстандық виза мен Өзбекстан визасының құны әртүрлі. Біз қалай да оларды бір ізге түсіруіміз қажет. Қазір сол детальдардың бәрін қарастырып жатырмыз. Бұл виза жүйесін енгізуді жоғары басшылардың мақұлдағанын атап өту маңызды және қазір осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деді ол.

Бұған дейін Қырғызстан мен Тәжікстан Silk Visa жобасына қосылуға дайын екенін хабарлаған. Түркіменстан әзірге түпкілікті шешім қабылдамады. Бұл жобаға алдағы уақытта Түркия мен Әзербайжанды қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG