Accessibility links

Қазақстан прокуратурасы заңсыз митингіге шыққандар "жазаланатынын" ескертті


Нұр-Сұлтандағы Қазақстан Бас прокуратурасының ғимараты.

Қазақстан бас прокуратурасы азаматтарды 9-10 маусымда заңсыз митингіге шықпауға шақырып, қатысқандардың "жауапқа тартылатынын" тағы да ескертті. Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаевтың үндеуі прокуратураның ресми сайтында 7 маусымда жарияланды.

"Рұқсат етілмеген акцияларға шақырғандар, ұйымдастырғандар, қатысқандар Әкімшілік кодекспен жауапқа тартылады. Егер бұл әрекеттер елеулі залал келтірсе, онда кінәлілер Қылмыстық кодекс бойынша жазаланады" деп жазылған мәлімдемеде.

Прокуратураның мәлімдеуінше, әлеуметтік желілерде 9-10 маусымда заңсыз митингіге қатысуға үгіттеп жатқандар бар. Бірақ ведомство наразылық білдіруге нақты кімнің шақырып жатқанын айтпаған.

Үндеу Нұр-Сұлтан елде тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов 9 маусымда азаматтарды бірнеше қалада митингіге шығуға шақырған соң жарияланды.

Қазақстан Конституциясына сай, халық қарусыз бейбіт шеру, жиын, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыруға құқылы. Бірақ Конституцияда "мемлекет қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке қауіп төнген жағдайда, денсаулыққа зиян келетін жағдайда, жеке адамдардың құқығы мен бостандығына қатер төнсе, бейбіт митингіге заңмен шектеу қойылатыны" жазылған.

1995 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт жиын, митинг, шеру , пикет және наразылық шарасын ұйымдастыру шарты туралы қаулы қабылдаған. Заңдық күші бар бұл қаулы қазір қолданыста. 24 жылдың ішінде 12 баптан тұратын заң көп өзгермеді.

​Осы заңның 11-бабында "әкімдіктер жергілікті жағдайды ескеріп, бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыру шарттарын қосымша реттеуге құқылы" деп жазылған. Бірақ Қазақстанда билікке сын айтылуы мүмкін митингілерге рұқсат берілмейді. Жергілікті әкімдіктер "митинг өткізуге бөлінген аймақта басқа шара өтетінін немесе жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын" айтып, белсенділердің өтінішін кері қайтарады.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның дерегінше, 2012 жылдан бері елде бейбіт жиын саны бес есеге азайған.

9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президет сайлауы өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG