Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда өтетін сайлауды ашық әрі әділ өткізуді қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Twitter парақшасында жазды.
"Сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету – басты ұстанымым. Сайлаудың дәл осындай сипатта өтетініне кәміл сенемін" деп жазды Тоқаев Twitter парақшасында.
Қазақстан президентінің айтуынша, барлық мемлекеттік органдардың күш-жігері әділ сайлау үшін жұмылдырылады.
"Азаматтық қоғамның қатысуы – ашық сайлаудың кепілі. Сайлау – қақтығыс алаңы емес, тұғырнамалар бәсекесі. Ұлт бірлігі – бәрінен қымбат" деп жазды Тоқаев.
Тоқаев 9 сәуірде кезектен тыс президент сайлауын жариялаған сәтте де сайлаудың әділ өтетініне кепілдік беретінін айтқан. Кейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" Қасым-Жомарт Тоқаевты 9 маусымдағы сайлауға кандидат ретінде ұсынған.
ПІКІРЛЕР