Accessibility links

Ресейде "Медуза" тілшісін босатуды талап еткен акциялар өтіп жатыр


Иван Голуновты қолдауға келген азаматтар.

Бүгін, 8 маусымда Мәскеудің Никулин сотында бұған дейін "есірткі таратты" деген күдікпен ұсталған "Медуза" тілшісі Иван Голуновқа бұлтартпас шарасын қолдану бойынша сот өтеді. "Настоящее время" телеарнасының хабарлауынша, сот ғимараты алдында Голуновты қолдаған журналистер кезек-кезек жалғыз адамдық пикет өткізіп жатыр.

Иван Голуновты полиция 6 маусымда ұстаған. Адвокаты мен әріптестерінің болжамынша, Мәскеу билігінің жемқорлық әрекеттері жайлы жазып жүрген Иван Голуновтың сөмкесіне есірткіні салып жіберуі мүмкін. Оның адвокаты Дмитрий Джулайдың айтуынша, осы апта ортасында оны ұстаған полиция бірнеше сағат бойы оның адвокаты мен туыстарына хабарласуға рұқсат бермеген. Кейінірек тілші соққыға жығылған.

Мәскеудің ішкі істер басқармасы 7 маусымда тілшінің пәтерінен бес грамм кокаин табылғанын мәлімдеді. Бұған дейін полиция Голуновты тексерген кезде 4 грамм тыйым салынған зат (мефедрон) табылғанын хабарлаған. Журналист өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Amnesty International ұйымының Мәскеудегі өкілдігінің директоры Наталья Звиагина "Иван Голуновтың ұсталу себебі күмәнді және өте таныс схеманы еске түсіреді...Билік өзіне жақпаған азаматтарды түрмеге тоғыту үшін есірткіні қолданып жатыр. Барлық фактілер соған меңзейді" деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG