Accessibility links

Петропавл - Шарм-эль-Шейх бағыты бойынша алғашқы рейс кешігіп ұшты


Петропавл әуежайында тұрған ұшақтардың бірі. 8 маусым 2019 жыл.

Петропавл халықаралық әуежайынан Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласына ұшуы тиіс болған алғашқы әуе рейсі 11 сағатқа кешігіп ұшты. 8 маусымда таңғы сағат 5.45-те ұшуы тиіс ұшақ күндізгі сағат 16.00-де жөнелтілді. Ресей, Петропавл және Қазақстанның өзге қалаларынан Египетке ұшуы тиіс болған 235 жолаушы әуежайда рейстерін ұзақ күткен. Рейстің кешігуіне байланысты Петропавл қаласының төрт тұрғыны ұшудан бас тартқан. Жолаушы Татьяна тасымалдауға жауапты компаниялар тарабынан еш көмек болмағанына шағымданды.

- Біз сағат түнгі бір кезінде келгенбіз. Таңғы бесте ұшамыз деген. Кейін біз таңғы беске дейін отырдық. Сосын бізді сағат бір кезінде келсін деп үйге жіберді. Міне, қанша уақыт тостық. Тамақ берген жоқ, - деді жолаушы Татьяна Семенова.

Жолаушыларды Египетке қазақстандық SCAT компаниясы тасымалдайды. Ақпарат бойынша, әуе компаниясының ұшағынан техникалық ақау шыққандықтан рейс кешігіп ұшқан. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан техникалық инженерлер арнайы Петропавлға шақыртылып, ұшақты тексеруден өткізген. Петропавл әуежайының директоры жолаушыларға барынша көмек көрсетілгенін айтады.

- Ұшақтың кешігетіні нақты белгілі болған кезде Петропавл тұрғындары өз үйлеріне кетті. 20 адам қонақ үйге жайғасты. Қалғандары осында болды. Оларға әуежай Selfie travel және SCAT компаниясымен бірлесіп шәй, су және бутерброд, тоңған адамдарға жылы көрпешелер берді. Осылайша жолаушыларымызды шығарып салдық, - дейді әуежай директоры Марат Хасенов.

SCAT компаниясы әзірге бұл оқиғаға байланысты түсініктеме бермеді.

29 мамыр күні Петропавл – Мәскеу әуе бағыты, 8 маусымда Петропавл - Шарм-эль-Шейх халықаралық рейсінің ашылуы болған. Египетке ұшақ 10 күнде бір рет ұшатын болады. Петропавл әуежайы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына жолаушылар тасымалдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG