Accessibility links

9 маусым күні ұсталған екі азамат полиция алдында акция өткізді


Зейнеткер Райса Дүйсенбаева ұлымен бірге қалалық полиция департаменті алдында акция жасап тұр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

Бүгін,10 маусымда алматылық зейнеткер, белсенді Райса Дүйсенбаева ұлымен бірге Алматы қалалық полиция департаментінің алдында екі адамдық пикет өткізді. Қолына "Полицияның бассыздығынан жалықтық. Күдебаев [полиция департаментінің басшысы] жұмысынан кетсін! Аштық жариялаймыз" деп жазылған қағаз ұстап шыққан олар 9 мамыр күні жазықсыз ұсталып, бірнеше сағат Алматы қалалық полиция департаментінде отырғанын айтты.

- Кеше күндізгі сағат он бір жарым мөлшерінде далаға, дәретханаға шыққан ұлымды полиция қызметкерлері ұстап алып күшпен машинаға отырғызды. Арашалауға барған мені де көліктеріне салып алды. Ұлымның қолына кісен салыпты. Түнгі он бірге дейін Алматы қалалық полиция департаментінде болдық. Бірақ ешқандай сұрақ-жауап алмады, - дейді Райса Дүйсенбаева Азаттық тілшісіне.

Райса Дүйсенбаеваның айтуынша, олар Алматы қалалық полиция департаментінде алты сағатқа жуық болған. Кейін полиция қызметкерлері такси шақыртып, үйлеріне жеткізіп тастаған.

Қалалық полиция департаментінен акция жасағандарға ешкім шыққан жоқ. "Не үшін наразылық жасап жатсыздар?" деп сұрағандар да болмады. Сәлден соң шешесі мен ұлы үйлеріне қайтып кетті.

9 маусымда президент сайлауы болған күні Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкентте жүздеген адам наразылыққа шығып, сайлауға бойкот жариялайтындықтарын айтты. Ресми дерек бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыда кемінде 500 адам ұсталған. Құқық қорғаушылар ұсталғандар саны бұдан да көп екенін айтады.

Құқық қорғаушылар мен белсенділердің дерегінше, 10 маусымға қараған түні Алматы мен Нұр-Сұлтандағы полиция бөлімшелерінде көшпелі сот болып, ұсталғандарды әкімшілік жазаға тартқан. Бірақ әзірге нақты қанша адамның сотқа тартылғаны туралы дерек жоқ. Нұр-Сұлтанда ұсталғандардың бір бөлігін қала аумағынан тыс жаққа алып кеткені хабарланды.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG