Accessibility links

Тоқаев елде интернеттің бұғатталғанын "білмейді"


Қасым-Жомарт Тоқаев баспасөз мәслихатында отыр. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2019 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев баспасөз мәслихатында отыр. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу билік жоспарында жоқ екенін, егер салу мәселесі көтерілсе, референдум өтетінін айтты. Бұл туралы ол 10 маусымда Ақордада өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Tengrinews.kz ақпарат агенттігінің хабарлауынша, журналистер Тоқаевтан елдегі интернеттің бұғатталуы жайлы да сұрады.

Қазақстан президенті елде интернеттің бұғатталатынынан хабарсыз екенін, құқық қорғау органдарына интернеттегі ақауды тексеруді тапсыратынын жеткізді.

Журналистермен кездесуде Тоқаев үкімет құрамында біраз өзгеріс болатынын мәлімдеді.

"Үкіметке жаңа адамдар, жастарды тартамыз. 300 адам кіретін жаңа кадрлар тізімін дайындауға уәде бергенмін" деді ол.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен 9 маусым, биліктің сайлау процесін мұқият бақылауда ұстау мақсатында қабылдаған шараларына қарамастан жүздеген адам үкіметке қарсы бейбіт шеруге шығуымен ерекшеленді. 10 маусымда сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланғаннан кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда көшеге шыққан азаматтарды ұстау тағы жалғасты. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер полиция билікке наразы азаматтарды ұстаған кезде қатыгездік танытқаны туралы хабарлады.

Наразы азаматтардың билікке қойған талабы туралы сұраққа берген жауабында президент Тоқаев қоғамның түрлі өкілдері енетін "Қоғамдық сенім комитеті" аясында "пікір алмасуға" шақырды.

Қазақстандықтардың бір бөлігінің бұл жолғы сайлауға бойкот жариялағаны жайлы сұраққа Тоқаев: "Ешбір бойкотты ұнатпаймын. Мейлі сайлау немесе басқа салада болсын. Бойкот сәтсіздікке ұшырады дегім келеді. (Дауыс бергендер) өте көп болды" деп жауап берді.

Дүйсенбі, 10 маусым күні Алматыдағы Астана алаңынан ондаған адамды көлікке күштеп салып, алып кетті. Ол азаматтар ешқандай ұран айтпай, плакат ұстамай жай тұрған болатын. Ұсталғандардың бірі полицияның қылығына наразы болып өз қолын кесті. Оны жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізді.

Ішкі істер министрлігі Алматы мен Нұр-Сұлтанда 9 маусымда "500-ге жуық адам" ұсталғаны туралы хабарлады. Ұсталғандардың адвокаттары, туыстары, куәгерлер мен белсенділердің айтуынша, түн мезгілінде өткен сот әкімшілік қамау жазасына кескен азаматтарды полицияның жабық көлігімен көрші қалалардағы уақытша ұстау изоляторына апарған.

Дүйсенбі күні Алматының Астана алаңы мен мемлекеттік опера және балет театры маңында болған оқиғалардан хабар таратқан журналистердің есебі бойынша, полиция кемінде жүз адамды ұстап әкеткен.

10 маусым күні кешке Алматының батыс ауданындағы "Алатау" театры маңына жиналып, президент сайлауының ресми қорытындысына наразылық білдірген азаматтарды полиция күшпен таратты.

Сол күні Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауында елдің қазіргі президенті, биліктегі "Нұр Отан" партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың 70,76 пайыз дауыс алып, жеңіске жеткенін хабарлады. ОСК мәліметінше, қазақстандық сайлаушылардың 77,4 пайызы президент сайлауына дауыс беруге қатысқан.

Өзін осы сайлауға "оппозициядан түскен кандидатпын" деп атайтын Әміржан Қосанов 10 маусымға қараған түні сайлаудың ресми қорытындысын мойындайтынын мәлімдеді. ОСК дерегінше, сайлаушылардың 16,02 пайызы қолдау білдірген Қосанов саяси бәсекеде екінші орын алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG