Accessibility links

Президент Тоқаевтың инаугурациясы 12 маусымда өтеді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанның жаңадан сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясы 12 маусымда Нұр-Сұлтанда өтеді. Шара Тәуелсіздік сарайында жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 10:30-да басталады деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігі.

Дүйсенбі күні Орталық сайлау комиссиясы 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауында биліктегі "Нұр Отан" партиясының кандидаты әрі елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңіске жеткенін хабарлаған. ОСК жария еткен сайлаудың түпкілікті қорытындысына сәйкес, Тоқаевты дауыс беруге қатысқан азаматтардың 70 пайыздан көбі, яғни 6,5 млн сайлаушы қолдаған.

Қазақстанда сайлаушы тізіміне енгізілген 12 миллионға жуық азаматтың 77 пайыздан астамы дауыс беруге қатысқан.

Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауына қатысқан өзге алты кандидат жинаған дауыс санын да жариялады:

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы кандидаты Жамбыл Ахметбеков – 167 649 дауыс немесе сайлауда берілген дауыстың 1,82 пайызы;
  • "Ақ жол" партиясы кандидаты Дания Еспаева - 465 714 дауыс немесе 5,05 пайыз;
  • "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан қатысқан Әміржан Қосанов - 1 млн 495 401 дауыс немесе 16,23 пайыз;
  • "Ауыл" партиясы кандидаты Төлеутай Рақымбеков - 280 451 дауыс немесе 3,04 пайыз;
  • Қазақстан кәсіподақтары федерациясы ұсынған Амангелді Таспихов – 182 898 дауыс немесе 1,98 пайыз;
  • "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі өкілі Сәді-Бек Түгел – 84 582 дауыс немесе 0, 92 пайыз.

Сайлау болған күні Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте жүздеген адам сайлауға наразылық білдірген. Ресми дерек бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыда кемінде 500 адам ұсталған. Олардың арасында наразылық шарасынан ақпарат таратқан журналистер (оның екеуі - Азаттық тілшісі) де бар.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG