Accessibility links

Тоқаев: Девальвация мен экономикадағы мәселелер наразылыққа түрткі болды


Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық Wall Street Journal газетіне берген сұхбатында өзін «реформатор» деп атап, халықтың талабына құлақ асатынын жеткізді. Мақала 13 маусымда басылым сайтында жарияланды.

«Саяси өзгеріс болмай Қазақстанның жағдайы жақсармайды. Саяси реформа болмаса, экономикалық реформаларда да жылжу болмайды» деді ол сұхбатында.

Тоқаев «реформатор ретінде Қазақстан қоғамы мен экономикасын дамытатынын» жеткізді. Ол экономикадағы мәселелер мен теңгенің құнсыздануы наразылыққа түрткі болды деп санайды.

Қазақстан президенті 9 маусымдағы сайлау демократия стандарттарына сай өтті деп есептейді. Ол «дауыс беру кезінде болған аздаған заң бұзушылықтар тексеріліп жатқанын» айтты.

Тоқаев басылымға берген сұхбатында «сыртқы саясатта бұрынғы президент Назарбаевтың ісін жалғастырып, Қытай, Ресей және АҚШ-пен байланысты дамыта беретінін» жеткізген.

Қасым-Жомат Тоқаев елдің ішкі және сыртқы саясатына қатысты істерде Назарбаевпен ақылдасып отыратынын айтты.

«Елде мойындалған көшбасшысы ретінде ол (Назарбаеа – ред.) маған көмектеседі, онымен кеңесім отырамын» деді Тоқаев.

Қазақстан президенті Euronews телеарнасына берген сұхбатын «билік халықтың талабын естігенін, үкімет жұрттың талабы бойынша жұмыс істейтінін» айтқан.

Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкентте бірнеше күн бойы полиция азаматтарды ұстаумен болды. 9 маусымда елде кезектен тыс президенті сайлауы өтіп жатқанда, Алматыдағы Астана алаңына жүздеген адам жиналып, сайлауға қарсылық білдірді. 10 маусымда сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген азаматтар тағы да көшеге шықты. Бұл күні де полиция Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте жүзден астам адамды ұстап әкетті.

Билік наразылық шарасына қатысушыларды "арандатушылар" деп атап, азаматтарды "қажет болған соң" ұстаған полиция "кәсіби міндетіне сай" әрекет қылды деп мәлімдеді. Оқиғаға куә болғандар бұл күндері полиция бөлімшесіне митингіге еш қатысы жоқ азаматтарды да алып кеткенін айтады. Ұсталған адам саны ІІМ жариялаған деректен әлдеқайда көп деп санайтын құқық қорғаушылар полицияның іс-әрекетіне тәуелсіз зерттеу жүргізуді талап етті.

Елдің бас прокуратурасы 9-10 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда ұсталған 957 адам әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады.

Қазақстан билігі елдегі митингіге "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (2009 жылдан бері шетелдегі тұратын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов құрған) айыптайды. Наразылыққа шыққандардың біразы ҚДТ қозғалысына қатыстары жоғын, елде өзгеріс болғанын қалайтындарын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG