Accessibility links

Бішкектегі ШЫҰ саммитінде терроризм, есірткі мәселесі талқыланды


ШЫҰ саммитіне келген ел басшылары. Бішкек, 14 маусым 2019 жыл
ШЫҰ саммитіне келген ел басшылары. Бішкек, 14 маусым 2019 жыл

14 маусымда Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшылары саммитінде терроризм және есірткі саудасымен күрес, экономикалық даму, индустрия және гуманитарлық көмек мәселелерін талқылады. Жиында Ауғанстандағы жағдай, Иранның ядролық келісімі, Сириядағы жағдай да сөз болды.

Саммит қорытындысы бойынша Бішкек декларациясы қабылданды.

Саммитке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қытай жетекшісі Си Цзиньпин, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Пәкістан премьер-министрі Амир Кхан қатысты.

Саммитте Тоқаев терроризм жаһандық мәселеге айналып бара жатқанын айтты. Қазақстан президенті киберқауіпсіздіктен қорғану үшін қосымша шаралар жасау керегін ұсынды.

Ауғанстан президенті Ашраф Гани, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Иран президенті Хасан Рухани, Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулга бақылаушы ретінде келді.

Иран президенті Хассан Роухани ШЫҰ саммитінде «АҚШ аймақтың және әлемнің тұрақтылығына қауіп төндірді» деп айыптады.

«АҚШ соңғы екі жылда экономикалық, қаржылық және әскери ресурстарын пайдаланып, барлық халықаралық ережелерді бұзып жатыр» деді ол.

Хассан Роухани АҚШ «Иран ядролық келісімінен» шығып кетсе де, Тегеран шарттарды орындай беретінін айтты.

Роухани бұл мәлімдемесін Оман шығанағындағы жағдайдан бір күн өткеннен кейін жасады. 13 маусымда Оман шығанағында екі кемеге шабуыл жасалған. Белгісіз біреулер әуелі мұнай тиелген норвегиялық Front Altair танкерін шабуылдаған. Ослоның хабарлауынша, кемеде үш жарылыс болған. Бортта болған 23 адам түгел құтқарылған. Екінші танкер - Kokuka Courageous Панама туымен жүзіп бара жатқан. Оған екі рет шабуыл жасалған. Бортта болған 21 адам – Филиппин азаматтары. Бір адам жарақаттанған. Вашингтон шабуылды Ираннан көретінін мәлімдеді. Тегеран АҚШ-тың айыптауын жоққа шығарады.

Бішкекте Роухани Оман шығанағындағы оқиға жайлы айтпады. Бірақ «Таяу Шығыстағы жағдай Тегеран мен Мәскеудің қарым-қатынасты одан әрі нығайту қажеттігін көрсетті» деді. Қытай басшысы Си Цзиньпин Иранның айналасында болып жатқан жағдайларға қарамастан, Тегеранды қолдайтынын жеткізді. Ресей президенті Владимир Путин «Иран келісімінен» шығып кеткен АҚШ-тың әрекетін айыптады.

Саясат, экономика мен қауіпсіздік мәселесін талқылайтын, Мәскеу мен Пекиннің ықпалы басым ұйым 2000 жылдардың басында құрылған. ШОС-қа Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан мүше. 2017 жылы ұйым қатарына Үндістан мен Пәкістан қосылған. Ауғанстан, Беларусь, Иран мен Моңғолия бақылаушы ел статусына ие.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG