Accessibility links

Сот митингіден соң қамалғандардың апелляциясын қанағаттандырмады


Наразылық кезінде ұсталып, бес тәулікке қамалған Арман Алтынбеков. Нұр-Сұлтан, 15 маусым 2019 жыл.
Наразылық кезінде ұсталып, бес тәулікке қамалған Арман Алтынбеков. Нұр-Сұлтан, 15 маусым 2019 жыл.

Астана қалалық соты маусымның 9-10 күндері "митингіге қатыспаса да, 5-10 тәулікке қамалған" екі адамның апелляциялық шағымын қарады. Сот олардың әкімшілік істі тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Адвокат Әсел Тоқаеваның сөзінше, бұл кешеден бері қаралған 15-іс.

Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары Арман Алтынбеков пен Тимур Әріпбаевтың айтуынша, олар сайлау күні болған митиніге қатыспаған. 9 маусым күні "Жастар" сарайына дауыс беруге барған жерлерінен полиция ұстап алып кеткен.

Ақпарат бойынша, сот "заңсыз митингіге қатысты" деп айыпталған Тимур Әріпбаевты - 10 тәулікке, Арман Алтынбековты 5 тәулікке қамаған. Олар Ақмола облысында Ақкөл ауданындағы уақытша қамау изоляторында отырған.

- Нұр-Сұлтан прокурорының мерзімді азайту туралы өтініші негізінде мерзімінен бұрын босатылғанымен, оларды әкімшілік жазаға тарту туралы қаулысы өзгерген жоқ, - дейді Әсел Тоқаева Азаттық тілшісіне.

Адвокат Әсел Тоқаева. 15 маусым 2019 жыл.
Адвокат Әсел Тоқаева. 15 маусым 2019 жыл.

Тимур Әріпбаев бес тәуліктен соң босап шықса, Арман Алтынбеков жаза мерзімін толық өтеген. Екеуі де айыбын мойындамайтындарын, заңсыз жазаланғандарын айтады.

Арман Алтынбеков сотта өзінің айыбын дәлелдейтін фото, видео талап еткенін, бірақ соттың оларға толтырған хаттамаларға сенетінін, дәлелдің қажет еместігі туралы уәж келтіргенін айтады.

Ресми дерек бойынша, 9-10 маусымда Нұр-Сұлтан мен Алматыда "рұқсат етілмеген митингіге" қатысқаны үшін 957 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Оның 670-і - 6-15 тәулікке қамалса,115-іне айыппұл салынған.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 15 маусымда айыппұл салынған 115 адамның тек 45-інің аты-жөнін анықтай алғанын, бұл мәліметті білген қолданушылардан көмек сұрады.

Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкентте бірнеше күн бойы полиция азаматтарды ұстаумен болды. 9 маусымда елде кезектен тыс президенті сайлауы өтіп жатқанда, Алматыдағы Астана алаңына жүздеген адам жиналып, сайлауға қарсылық білдірді. 10 маусымда сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген азаматтар тағы да көшеге шықты. Бұл күні де полиция Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте жүзден астам адамды ұстап әкетті.

Билік наразылық шарасына қатысушыларды "арандатушылар" деп атап, полиция "кәсіби түрде" әрекет қылды деп мәлімдеді. Оқиғаға куә болғандар бұл күндері полиция бөлімшесіне митингіге еш қатысы жоқ азаматтарды да алып кеткенін айтады. Ұсталған адам саны ІІМ жариялаған деректен әлдеқайда көп деп санайтын құқық қорғаушылар полицияның іс-әрекетіне тәуелсіз зерттеу жүргізуді талап етті.

Қазақстан билігі елдегі митингіге "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (2009 жылдан бері шетелдегі тұратын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов құрған) айыптайды. Наразылыққа шыққандардың біразы ҚДТ қозғалысына қатысы жоғын, елде өзгеріс болғанын қалайтындарын айтады.

Қарай отырыңыз: Полиция сайлау нәтижесіне қарсы шыққандарды қалай ұстады? (9-10 маусым 2019 жыл).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG