Accessibility links

Назарбаевқа жақын шенеуніктерге әуежайда жеке қызмет көрсетілмек


Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Нұр-Сұлтан, 27 ақпан 2019 жыл.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Нұр-Сұлтан, 27 ақпан 2019 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын шенеуніктеріне елдегі әуежайлардың арнайы залдарында қызмет көрсетілмек. Бұл туралы 14 маусымнан бастап қоғам талқысына ұсынылған үкімет қаулысы жобасында айтылған. Талқылау 28 маусымға дейін жалғасады.

Жобада әуежайлардағы арнайы бөлінген залдарда қызмет көрсетілетін адамдар тізіміне Тұңғыш президент қорының атқарушы директоры мен Назарбаев кеңсесінің басшысы және олардың орынбасарлары, Назарбаевтың көмекшілері, кеңесшілері мен кеңсесінің құрылымдық бөлімшелері басшыларын енгізу көзделген.

Қаулы ресми жарияланғаннан соң он күннен кейін қолданысқа енеді.

Қазіргі кезде үкіметтің 2011 жылы 3 маусымдағы қаулысымен бекітілген "Қазақстан әуежайларындағы арнайы бөлінген залдарда қызмет көрсетілетін адамдардың тізбесінде" 45-тен аса түрлі лауазым иесі енгізілген. Олардың арасында өзгелермен бірге Қазақстан президентінің отбасы мүшелері мен жеке меймандары, елдегі саяси партиялар жетекшілері де бар.

Қазақстанды соңғы отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін кенеттен тоқтатып, орнына парламент сенатының сол кездегі төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған еді. Кейін Тоқаев 9 маусымға кезектен тыс президент сайлауын тағайындады. Назарбаев өзі басқаратын "Нұр Отан" партиясы съезінде Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынды. Елде кей оппозициялық күштер бойкот жариялаған сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтың жолын жалғастыруға уәде етті. Сайлау кезінде наразылық білдіріп көшеге шыққан азаматтарды жаппай ұстаған полиция 957 адамды әкімшілік жауапқа тартты.

Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткенімен заңда бекітілген ерекше мәртебесі мен құқықтары оған билікке ықпал етуіне мүмкіндік береді. Назарбаев басқару тізгінін әлі қолында ұстап отыр деп санайтын кей оппозициялық күштер оны айрықша мәртебеден айыру керек деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG