Қазақстанда 19 маусымнан бастап ақылы жолдардың барлығында дифференциалды тариф енгізіледі. Бұл туралы 18 маусымда "ҚазАвтоЖол" акционерлік қоғамы баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорын бұл тариф "төлем қабылдау бекетінен көліктің жылдам өтуін қамтамасыз ету және уақытты үнемдеу, көлік кептелісінің алдын алу" мақсатында енгізіледі деп түсіндіреді.
Бұдан былай қолма-қол ақшамен төлейтін жеңіл көлікке жол ақысы екі есе қымбатқа түседі. Ал электронды төлем жүйесіне алдын ала ақша салып қойған жүргізуші дифференциалды тарифте көрсетілген соманың жартысын ғана төлейді. Жүк көліктерінен алынатын төлем мөлшері өзгермейді.
Қазақстанда Нұр-Сұлтан - Щучинск, Нұр-Сұлтан - Теміртау, Алматы - Қапшағай, Алматы - Қорғас тас жолдарында ақылы жүйе енгізілген.
Ақылы жолда жүру бағасы мынадай:
• Нұр-Сұлтан - Щучинск (бір бағытта: қолма-қол төлем – 400 теңге, алдын ала онлайн төлем – 200 теңге);
• Нұр-Сұлтан - Теміртау (бір бағытта: қолма-қол төлем – 400 теңге, алдын ала онлайн төлем – 200 теңге);
• Алматы - Қапшағай (бір бағытта: қолма-қол төлем – 200 теңге, алдын ала онлайн төлем – 100 теңге);
• Алматы - Қорғас (бір бағытта: қолма-қол төлем – 600 теңге, алдын ала онлайн төлем – 300 теңге).
ПІКІРЛЕР