Accessibility links

"Дауысым ұрланды" деп пикетке шыққан студентті полиция бірнеше сағат ұстаған


Полиция сайлау нәтижесінің бұрмаланғанын айтып, пикет өткізген студент Мәди Әбдірахмановты ұстап бара жатыр. Қостанай, 17 маусым 2019 жыл. Сурет "Наша газеті" сайтынан алынған.
Полиция сайлау нәтижесінің бұрмаланғанын айтып, пикет өткізген студент Мәди Әбдірахмановты ұстап бара жатыр. Қостанай, 17 маусым 2019 жыл. Сурет "Наша газеті" сайтынан алынған.

17 маусымда Қостанай қаласындағы әкімдік ғимараты маңындағы алаңда жалғыз адамдық пикет өткізген студент Мәди Әбдірахмановты полиция үш сағаттай ұстап, босатқан. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне Мәди Әбдірахманов айтты.

- Үш сағатқа жетпей босатты. Сондықтан хаттама толтырмай, жібере салды (Полиция үш сағаттан артық ұстаса, хаттама толтыруы тиіс - ред.). Не үшін, қалай, қандай мақсатпен шыққанымды сұрады. Пикет тыныш өтті. Ешкімді оқудан шығарған жоқ, қызметтен кетірген жоқ, - деді студент телефон арқылы.

Полицияның қай бөлімшесіне апарғанын сұраған кезде студент нақты қай бөлімше екенін есіне түсіре алмады. "Әйтеуір, қалалық бөлімше" деді ол.

17 маусымда қостанайлық “Наша газета” басылымы облыстық әкімдік ғимараты маңында “Менің дауысым ұрланды” (У меня украли мой голос) деген жазуы бар плакат ұстап шыққан студент Мәди Әбдірахмановқа бес минуттан соң полиция қызметкерлері келіп, бірнеше сұрақ қойып, кейіннен ұстап әкеткенін хабарлаған. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде докторантурада оқитынынын айтқан студент басылымға "Ендігәрі халықты осындай циркпен (сайлау - М.А) алдай алмайсың деп биліктің назарын аударту үшін осында келдім. Сайлаудың заңсыздығын көп фактілер мен фальсификациялар, сайлау комиссиясы тарапынан жасалған заңбұзушылықтар, тәуелсіз бақылаушылардың қысымға ұшырауы дәлелдейді" деген.

Басылымның жазуынша, Мәди Әбдірахмановтың плакатында елде маусым айының басында құрылған #Оyan,Qazaqstan жастар қозғалысының аты жазылған хэштег те болған. Ол елде парламенттік республика құрып, демократияландыру үрдісін жалғастыруды көздейтін жастар қозғалысын қолдайтынын осылайша білдіргісі келген.

Азаттық тілшісі бұл оқиғаға байланысты жергілікті полиция бөлімшесінен жауап ала алмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG