Accessibility links

Пентагон басшысы міндетін атқарған Патрик Шэнахэн қызметінен кетті


Патрик Шэнахэн.
Патрик Шэнахэн.

АҚШ президенті Дональд Трамп Пентагон басшысының міндетін атқарушы Патрик Шэнахэннің қызметтен кету туралы өтінішін қанағаттандырды.

Трамптың Twitter-парақшасындағы жазбасына қарағанда, Шэнахэн қорғаныс министрі болып бекітілуін күтпестен, қызметтен кету туралы өзі өтініш берген. Трамп оның орнына АҚШ армиясы министрі қызметіндегі Марк Эсперді тағайындады.

"Оған (Патрик Шэнахэнге - ред.) үздік қызметі үшін алғысымды білдіремін" деп жазды Трамп. Оның пікірінше, Шэнахэн "тамаша жұмыс істеген". Трамп оның қызметінен кетуінің себебін "отбасына көбірек көңіл бөлгісі келгендігімен" түсіндіреді.


Washington Post басылымының жазуынша, мәселе бірнеше жыл бұрын анасымен жанжалдасып қалған Шэнахэннің ұлына байланысты болуы мүмкін. Әуелгіде Патрик Шэнахэн ұлының әрекетін "өзін өзі қорғау" деп атап, оқиғадан кейін оған көмектескен. АҚШ федералдық тергеу бюросы бұл отбасылық жанжалда, Шэнахэнді қорғаныс министрі қызметіне тағайындау процедурасы аясында тексеріп жатқан болатын.

Президент Трамп биыл мамыр айында Патрик Шэнахэннің кандидатурасын Пентагон басшылығына ресми түрде ұсынған.

Шэнахэн Пентагонды 2019 жылғы 1 қаңтардан бері басқарды. Оған дейін АҚШ қорғаныс министрі болған генерал Джеймс Мэттисті президент Трамп 2018 жылдың соңында қызметінен босатқан еді.

Мэттистің қызметінен кетуіне оның президент Трамптың АҚШ әскерін Сириядан шығару туралы шешімімен келіспеуі себеп болған. Бірақ Мэттис қызметінен кеткен соң Трамп Сириядағы АҚШ әскері туралы ойын біршама өзгерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG