Accessibility links

Нұр-Сұлтанда бір топ жүргізуші әкімдік алдына келді


Нұр-Сұлтан әкімдігі алдында жиналып тұрған таксистер. 19 маусым 2019 жыл.
Нұр-Сұлтан әкімдігі алдында жиналып тұрған таксистер. 19 маусым 2019 жыл.

19 маусымда кешкі сағат 18:30 шамасында "Астана такси" компаниясының бір топ жұмысшысы Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі алдына жиналып, такси жүргізушілеріне арналған жаңа бағдарламаның енгізілуіне наразылық білдірді. Олардың айтуынша, 19 маусымнан бастап енген ресейлік жаңа бағдарлама жүргізушілер үшін өте тиімсіз. Біріншіден, бағасы қымбат. Екіншіден, бағдарламаның түсініксіз тұстары көп.

- Бұрынғы жүйе бізге өте тиімді еді. Себебі ол баяғыда шыққан. Және өзіміздің өніміміз. Ал жаңа жобаның кемшіліктері көп. Проценті де аз емес. Тапсырыс беру жағы түсініксіз. Олар бұрынғы жүйені қалпына келтірсін не жаңа жүйенің кемшіліктерін жойсын, - дейді Азаттыққа өзін Аркадий Аркадиевич деп таныстырған жүргізушілердің бірі.

Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:

Жүргізушілердің айтуынша, жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істеу үшін көліктердің сыртындағы жапсырманы ауыстыру қажет болады. Ал ол үшін әрбір таксист 33 мың теңге төлеуі тиіс.

- Лицензия алу үшін 30 мың теңге береміз. Әрбір тапсырыстың 10 пайызын төлейміз. Күндік жоспар бар. Егер жапсырмаға тағы төлесек, онда бізге не қалады? Отбасымызды, бала-шағамызды қалай асыраймыз? деді Азаттық тілшісіне жүргізушілердің бірі.

Кейбір жүргізушілер жаңа бағдарлама бойынша әр тапсырыстан 21 пайызға дейін ақша ұсталып жатқанын айтып шағымданды.

Шамамен бір сағаттан соң оқиға орнына компания өкілі де келіп жетті. Өзін Сәкен Қанғожин деп таныстырған компания қызметкері "бүгін бірінші күн, алдағы уақытта жаңа бағдарламаның кемшіліктері жойылып, техникалық ақау болмайды" деп жүргізушілерді тыныштандыруға тырысты. "Жаңа бағдарламаның бұрынғысынан қандай артықшылығы бар?" деген сұраққа компания өкілі "функциялары өте көп" деп жауап берді. Таксистердің бірі "техникалық ақаулар жойылғанша әзірге бұрынғы бағдарламамен істей тұрайық" деген ұсынысты да компания өкілі қабылдамады. Ол жексенбі, 23 маусымда компания басшылығы мен жүргізушілер арасында кездесу болатынын айтып, "сол кезде арыз-өтініштеріңізді айтыңыздар" деп жиналған топты таратуға тырысты. Әкімдіктен ешкім шыққан жоқ.

Шамамен кешкі 20.00 шамасында жүргізушілер тарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG