Accessibility links

Төртінші рет тіркеле алмаған "Атажұрт еріктілері" сотқа жүгінбек


«Атажұрт еріктілері» ұйымының өкілдері мен адвокат журналистер сұрағына жауап беріп отыр. Солдан оңға қарай: ұйым өкілі Қайрат Байтолла, адвокат Айман Омарова және ұйымының тағы бір өкілі Ербол Дәулетбек. Алматы, 21 маусым 2019 жыл.

Қытай қазақтарының мәселесімен айналысатын «Атажұрт еріктілері» ұйымы Қазақстан әділет министрлігінің Алматы қалалық департаментін сотқа бермек. Бұл туралы ұйым өкілдері 21 маусымда Алматыда өткен баспасөз жиыны кезінде айтты.

Ұйым мүшелерінің бірі Ербол Дәулетбек Алматы қалалық әділет департаментінің «әуелде ұйым мүшелерінің бірінде банкте төленбеген қарызы бар деп қайтарғанын, тағы бірде ұйым мүшелерінің телефон нөмірлері көрсетілмеді» деп тіркемей қойғанын айтады.

- Адвокатпен ақылдаса отырып, әділет министрлігінің Алматы қалалық департаментін сотқа береміз деп шештік, - деді Дәулетбек.

Жиынға адвокат Айман Омаровамен мен АҚШ консулдығының өкілі де қатысты.

Омарованың айтуынша, әділет департаменті «Атажұрт еріктілері» ұйымының өтінішін төртінші рет «бірлестіктің нысандары мен мақсаттары жазылмаған» деген сылтаумен қайтарған. «Алайда ұйым жарғысында «ақпарттық және анықтамалық қызмет көрсету», «аударма бойынша қызмет көрсету», «әртүрлі мәдени іс-шараларды көрсету», «Қазақстандық азаматтық алу және құжаттандыру мәселелеріне жәрдемдесу» сияқты он түрлі мақсат анық жазылған» дейді адвокат.

- Ұйым мақсаттары екі тілде анық жазылған. Оны жоқ деу ақылға қонбайды. Меніңше, әділет департаменті «Атажұрт еріктілері» ұйымының болғанын қаламайды. Өйткені бұл ұйым негізінен оралмандар мен Қытайдағы этникалық қазақтардың мәселесімен айналысады. Оның ішінде саяси лагерьлердегі жағдайды ашық айтады. Сол үшін тіркемей отыруы мүмкін, - дейді адвокат Омарова.

«Атажұрт еріктілері» ұйымы 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Ұйым бірнеше мәрте Қытайда туыстары қамауда қалған қазақтардың басын қосып жиын өткізген. Нұр-Сұлтан мен Өскемен қаласында ашылған бөлімшелері бар.

Ұйым жетекшісі Серікжан Біләш 2019 жылы наурыздың басында Алматы қаласындағы қонақүйлердің бірінде ұсталып, Астанаға жеткізілген. Оның үстінен «ұлт араздықты қоздырды» деген айыппен іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG