Accessibility links

Бақылаушының "денсаулығына зиян келтіргені" үшін сайлау учаскесі төрағасына айыппұл салынды


Тәуелсіз бақылаушы Райгүл Азикинаның әкімшілік сотқа кірген сәті. Ақтөбе, 21 маусым 2019 жыл.
Тәуелсіз бақылаушы Райгүл Азикинаның әкімшілік сотқа кірген сәті. Ақтөбе, 21 маусым 2019 жыл.

Ақтөбеде 21 маусымда тәуелсіз бақылаушының денсаулығына "қасақана жеңіл зиян келтіргені" үшін сайлау учаскесі төрағасына айыппұл салынды. Сот қаулысына сәйкес, Ақтөбе қаласындағы №99 сайлау учаскесінің төрағасы Орал Сенғалиев 37 875 теңге айыппұл төлеуі тиіс. Бұл ақпаратты Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Тәуелсіз бақылаушы Райгүл Азикинаның айтуынша, №99 сайлау учаскесінің төрағасы Орал Сенғалиев 9 маусым күні дауыс саналар кезде оны учаскеге кіргізбей қойған.

-Тәуелсіз бақылаушының учаскеде 4 сағаттан артық отыруға құқы жоқ деп төраға мені сыртқа шығарып жіберді. Оның әрекеті заңсыз екенін айтып, қайтадан учаскеге кірмек болдым. Төраға мені итеріп жүрген кезде есік арасында қалып қойып, сол аяғым қанталап кетті. Бұл президент сайлауы күні кешкі сағат 20:00 шамасында болған оқиға, - дейді тәуелсіз бақылаушы Райгүл Азикина.

№99 сайлау учаскесіндегі дауыс санау барысын бақылай алмаған тәуелсіз бақылаушы оқиға орнына полиция шақыртып, сот-медициналық сараптамасын жасатқызған. Әкімшілік істі Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты 21 маусымда қараған. Ақпарат бойынша, "сотта Орал Сенғалиев өз кінәсін мойындаған". Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ. Азаттық жауапкерден пікір ала алмады.

Елде 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні бұған ұқсас оқиғалар болғанын Азаттық бұған дейін хабарлаған. Сол күні әлеуметтік желіде тәуелсіз бақылаушылардың жұмысына кедергі келтіргені туралы жазбалар тарады. Бұған дейін "Ақжайық" басылымы Атырауда сайлау учаскелерінің бірінде дауыс санар алдында сайлау учаскесі төрайымының бюллетеньдерді алып кетпек болғаны, бақылаушылардың оның жолын бөгегені туралы жазған.

ВИДЕО: Атыраудағы №31 сайлау учаскесінде болған оқиға (9 маусым 2019 жыл).

​Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні және одан кейін елдің ірі қалаларында наразылық шаралары өтіп, азаматтар сайлау және оның нәтижесіне қарсылық білдірді.​ Тәуелсіз бақылаушылар сайлау қорытындысының бұрмаланғанын айтып, сайлау нәтижесін заңсыз деп тануды талап етті.

Сайлаудың ресми нәтижесі бойынша, "Нұр Отан" кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70 пайыз дауысына ие болып, жеңіске жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG