Accessibility links

Грузиялықтар митингіде күш қолданған полицияны жазалауды талап етті


Тбилиси орталығына наразылық білдіруге жиналғандар. 23 маусым 2019 жыл.
Тбилиси орталығына наразылық білдіруге жиналғандар. 23 маусым 2019 жыл.

23 маусымда Тбилисиде мыңдаған адам өткен аптада Грузия парламентінің ғимараты алдында басталған наразылық кезінде азаматтарға күш қолданғандарды жазалауды талап етті.

Жиналғандар "Бейбітшілік!" деп айқайлады. Кейбір азаматтар қолына Ресей президенті Владимир Путин мен Мәскеуге қарсы баннерлер ұстап тұрды. Тақтайшалардың бірінде Грузия жерінің бестен бірін Ресей басып алғаны айтылады, кейбірінде "Кремль – басқыншы" деп жазылған.

Наразы топ белсенділер қарсылығы күшейген тұста қызметінен кеткен парламент спикері Ираклий Кобахидзенің отставкасынан соң да тарамайтындарын айтады. Олар ішкі істер министрінің отставкасы мен ереуіл кезінде ұсталған белсенділерді босатуды талап етті. Сондай-ақ 20 маусым күні парламент ғимараты алдындағы қақтығыс кезінде жүздеген адамның полициядан зардап шеккені үшін құқық қорғау органдарын жазалауды сұрады. Парламент ғимараты алдына қойылған тақтайшалардың бірінде төрт күн бұрынғы ереуіл кезінде резеңке оқ тиіп, көзінен айырылған белсенді бейнеленген.

Бұған дейін Тбилисидегі полиция мен наразылар арасындағы қақтығыс кезінде 290 адамның зардап шеккені хабарланған еді. Оның 80-і - полицей.

Азаттық радиосының Грузин қызметі ереуілдің бейбіт өткенін, полиция сырттан бақылап қана тұрғанын хабарлады.

Грузияда бірнеше күннен бері наразылық жалғасып жатыр. Оған Ресей мемлекеттік думасының депутаты Сергей Гавриловтың парламент спикері мінберіне көтеріліп, орыс тілінде сөйлеуі себеп болған. Грузияға ресми сапармен келген Ресей мемлекеттік думасының депутаты, Ресей коммунистік партиясының мүшесі Сергей Гаврилов әлемнің бірқатар елінің өкілдерін біріктіретін парламентаралық православ ассамблеясының жиынына төрағалық еткен еді. Оның парламент спикері орнына отырып алуы әуелі отырысқа қатысқан депутаттардың наразылығын туғызды. Гавриловты Ресей президенті Владимир Путиннің серігі деп санайтын грузиялық азаматтар ол Грузияның сепаратистік аймақтары - Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қолдау білдірген Мәскеудің іс-әрекетін құптайды деп есептейді. Кейінірек парламент отырысындағы наразылық көшеде жалғасты.

Бұрын совет одағына кірген Грузияда Ресей ықпалы – нәзік тақырып. 2008 жылы екі ел арасында әскери жанжал болып, Абхазия мен Оңтүстік Осетия Грузиядан бөлініп шыққан. Ресей қолдауына ие болған сепаратистер 2008 жылғы қақтығыстан соң осы екі аймақты бақылауына алған. Мәскеу оларды тәуелсіз мемлекет деп мойындап, төрт мың әскерін орналастырды. Содан бері Ресей мен Грузия арасында ресми дипломатия орнаған жоқ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG