24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеиге қарсы санкция енгізу туралы құжатқа қол қойды.
Трамптың сөзінше, санкция Иранның агрессиялық әрекетіне, дәлірек айтқанда, Иран әскерилерінің халықаралық әуе кеңістігінде америкалық ұшқышсыз барлау аппаратын атып түсіргеніне байланысты енгізіледі.
АҚШ президенті санкцияның Хаменеи көмекшілеріне де әсер ететінін айтты.
Ақ үй басшысы АҚШ-тың Иранмен арада жанжалды қаламайтынын, бірақ Иранның ядролық қаруды иеленуіне жол бермейтінін және Тегеранның терроршыл топтарға қолдау көрсетуін тоқтатуға ықпал ететін айтты.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 24 маусымда Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірлігіне барды. Ол кездесулерде негізінен Иран төңірегіндегі жағдайдың ушығуын талқылайды.
АҚШ, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания мен Біріккен Араб Әмірлігі ортақ мәлімдеме жасап, Иранды аймақтағы тұрақтылықты бұзатын кез-келген қадамнан бас тартуға шақырған.
АҚШ пен оның аймақтағы одақтастары Тегеранды Йемендегі хуситтер тобын қолдады және жуырда Оман шығанағындағы екі танкерге жасалған шабуылды ұйымдастырды деп айыптайды.
ПІКІРЛЕР