Accessibility links

Біртанов: Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 9 адамның жағдайы ауыр


Дәрігерлер Арыстағы жарылыстан зардап шеккен адамдардың бірін ауруханаға әкелген сәт. Шымкент, 24 маусым 2019 жыл.
Дәрігерлер Арыстағы жарылыстан зардап шеккен адамдардың бірін ауруханаға әкелген сәт. Шымкент, 24 маусым 2019 жыл.

Арыстағы жарылыстан кейін барлығы 165 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Олардың 89-ы ауруханада жатыр. Дәрігерлер 76 адамға алғашқы көмек көрсетіп, жіберген. Бұл туралы 25 маусымда Нұр-Сұлтанда үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

"Ауруханаға түскендердің 15-і жан сақтау бөлімінде жатыр. Тоғыз адамның халі ауыр, олардың екеуі - бала. Бір балаға дәрігерлер операция жасады. Оның жағдайы бір қалыпты" деді министр.

Біртановтың сөзінше, зардап шеккендердің көбі Шымкенттегі ауруханаларда жатыр. 24 маусымда Алматыдағы ғылыми-клиникалық институттардың дәрігерлері науқастарға көмек көрсету үшін Шымкентке барған.

24 маусым таңертең Түркістан облысы Арыс елдімекені маңында орналасқан Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Түркістан облысы әкімдігі Арыстағы жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жарияланды.

Билік орындары апаттан екі адамның қаза тапқанын хабарлады. Қаза болғандардың бірі - Арыс тұрғыны. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, тұрғынның көлігіне снаряд түскен. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, мерт болған екінші адам - әскери қызметкер. Оның денесі әскери қойманың маңынан табылған.

Қазақстан үкіметінің дерегінше, 39 мың адам өз бетімен бас сауғалап, басқа жаққа кеткен. Шамамен 3500 мың адам Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен.

Шымкентке жеткізілген Арыс тұрғындарының біразы эвакуациядан кейін өздеріне жағдай жасалмай отырғанына шағымданды. Шымкенттегі "Ақмешіт" мешіті маңында жүргендер көмекті билік емес, қала тұрғындары көрсетіп жатқанын айтады.

Түркістан облысына 24 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев барған. Президенттің баспасөз қызметі Тоқаевтың арыстықтармен кездескенін, билік азаматтардың баспанасын қалыпқа келтіріп беретінін айтып, сабырға шақырғанын хабарлады.

Қазақстан қорғаныс министрлігі Арыс қаласында қазір 500 сапер үйлердің маңы мен темір жолдардың жанында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Арыстағы жарылыстың хроникасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:14 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG