Accessibility links

ІІМ: Арыстағы жарылыс қаупі әлі сейілген жоқ


Әскери бөлімше қоймасындағы жарылыстан бас сауғалап бара жатқан Арыс тұрғындары. Түркістан облысы, 24 маусым 2019 жыл.

25 маусымда Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин әскери қойма жарылған Арыс қаласында "қауіптің әлі сейілмегенін, жарылыс болған кейбір жерлердің әлі бықсып жатқанын" айтты.

"[Өрт сөнбегендіктен] қару-жарақ әлі де жарылуы мүмкін. Отты қорғаныс министрлігінің қоймаларындағы брондалған арнаулы техника көмегімен сөндіреміз" дейді министр орынбасары.

Ильиннің айтуынша, жарылыс болған қоймада құрлық әскеріне арналған қару-жарақ – артиллериялық снарядтар сақтаулы тұрған.

Министрлік өкілі "Қойма күзетшілері қоймалардың бірінен шыққан түтінді [24 маусым күні] таңғы 9.00-де байқаған. Жарылыс қаупі бар екені белгілі болған соң әуелі өрт сөндірушілер, артынша әскери бөлімшенің жеке құрамы қауіпсіз жерге көшірілді. Алғашқы жарылыс 9.15-те болды" дейді Ильин.

24 маусым таңертең Түркістан облысы Арыс елдімекені маңында орналасқан Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде, қорғаныс министрлігінің дерегінше, өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Түркістан облысы әкімдігі Арыстағы жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жариялады.

Қазақстан үкіметі апаттан екі адамның қаза тапқанын хабарлады. Қаза болғандардың бірі - Арыс тұрғыны. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, тұрғынның көлігіне снаряд түскен. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, мерт болған екінші адам - әскери қызметкер. Оның денесі әскери қойманың маңынан табылған.

Арыстағы жарылыстан кейін барлығы 165 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Олардың 89-ы ауруханада жатыр. Тоғыз адамның жағдайы ауыр. Дәрігерлер 76 адамға алғашқы көмек көрсетіп, жіберген. Бұл туралы 25 маусымда Нұр-Сұлтанда үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

Қазақстан үкіметінің дерегінше, 39 мың адам өз бетімен бас сауғалап, басқа жаққа кеткен. Шамамен 3500 мың адам Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен.

Шымкентке жеткізілген Арыс тұрғындарының кейбірі эвакуациядан кейін өздеріне жағдай жасалмай отырғанына шағымданды. Шымкенттегі "Ақмешіт" мешіті маңында жүргендер көмекті үкімет емес, қала тұрғындары көрсетіп жатқанын айтады.

Түркістан облысына 24 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев барған. Президенттің баспасөз қызметі Тоқаевтың арыстықтармен кездескенін, билік азаматтардың баспанасын қалыпқа келтіріп беретінін айтып, сабырға шақырғанын хабарлады.

Қазақстан қорғаныс министрлігі Арыс қаласында қазір 500 сапер үйлердің маңы мен темір жолдардың жанында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан, 45 мыңнан аса тұрғыны бар Арыста соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болып, он шақты адам қаза тапқан.


  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG