Accessibility links

Тәуелсіз бақылаушы: Қысым жайлы шағымыма байланысты қылмыстық іс қозғалды


Тәуелсіз бақылаушы Серік Әбішев.

Тәуелсіз бақылаушы Серік Әбішев өткен аптада "өзін ҰҚК қызметкеріміз" деп таныстырып, "қысым жасаған" белгісіз адамдардың әрекетіне байланысты ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаменті іс қозғағанын хабарлады.

- Мен өзіме жасалған қысым жайында Қазақстандағы Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросына шағым түсірген едім. Олар өз атынан мәлімдеме жасады. Сол мәлімдеге қатысты бүгін (26 маусым) ҰҚК департаментіне шақыртты. Комитеттің ішкі қауіпсіздік басқармасы бұл фактіге байланысты қылмыстық кодекстің "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" және "заңсыз ұстау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғапты. Мен оларға өзімде бар ақпаратты бердім. Олар енді "ҰҚК қызметкерлерміз" дегендерді анықтамақшы, - деді Серік Әбішев 26 маусым кешке Азаттық тілшісіне.

Ол "тергеу құпиялылығына байланысты" мән-жайды толық түсіндіріп бере алмайтынын да айта кетті.

Президент сайлауы нәтижесінің бұрмаланғанын айтып, құзырлы органдарға шағым түсірген тәуелсіз бақылаушылардың бірі Серік Әбішев бұған дейін өзін "ҰҚК қызметкеріміз" деп таныстырған бірнеше адамның өзін "заңсыз ұстап, психологиялық қысым жасағанын" айтқан еді. Ізінше Қазақстандағы Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы тәуелсіз бақылаушылардың қысымға ұшырауына алаңдап, мәлімдеме жасаған. Мәлімдеме авторлары "сайлау кезінде сайлау учаскелерінде болған заңбұзушылықтарды тәуелсіз бақылаушылармен бірге мұқият қайта тексеріп, кінәлілерді заң бойынша жауапқа тартуды" да талап еткен.

Бұл оқиғаға байланысты Азаттық ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдағанмен әзірге жауап келген жоқ.

9 маусымда Қазақстанда президент сайлауы өтіп, елді отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев жетпіс пайыздан аса дауыспен жеңіп шыққан. Сайлау кезінде де, нәтижесі шыққан соң да Қазақстанның бірнеше қаласында мыңдаған азамат наразылыққа шығып, бірі сайлауға бойкот жариялап, кейбірі дауыс беру нәтижесін заңсыз деп тануды талап етті.

Сайлаудан соң тәуелсіз бақылаушылар да дауыс беру кезінде жаппай заңбұзушылық болғанын айтқан. Олардың кейбірі бақылаушылар алған хаттама мен сайлау комиссиясы бекіткен хаттама нәтижелерінде айырмашалық барын айтып, Тоқаевты "заңсыз президент" деп тануды талап еткен.

Қарай отырыңыз: Сайлау нәтижесіне тәуелсіз бақылаушылар неге наразы? (18 маусым 2019 жыл).

Сайлау нәтижесіне тәуелсіз бақылаушылар неге наразы?
please wait

No media source currently available

0:00 0:47:45 0:00

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG