Accessibility links

ТЖД: Арыстағы үйлердің 85 пайызы зақымданған


Әскери қоймадағы жарылыстан кейін Арыстан кетуге мәжбүр болған тұрғындар үйіне оралып жатыр. Арыс, 28 маусым 2019 жыл.

Төрт күн бұрын жарылыс болған Арыс қаласындағы үйлердің 85 пайызының терезесі шағылған, есігі сынып, шатыры зақымданған. Бұл туралы бүгін, 28 маусымда Түркістан облысы төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов хабарлады. Оның сөзінше, 24 маусымда 63 өрт жағдайы тіркеліп, 26 үй өртенген.

28 маусымда Арыс қаласы ашылды. Жұма күні таңғы 6.00-ден бастап Шымкенттегі қырықтан аса эвакуациялық пунктен арыстықтарды автобус үйлеріне жеткізді.

Түркістан облысының әкімдігі бүгін, 28 маусымда экология министрі Мағзұм Мырзағалиевтің "қалада радиация жоқ" деген мәлімдемесін таратты.

"Ауа таза, су мен жер ластанбаған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Арыс қаласының экологиясы қауіпсіз екеніне кепілдік береді" дейді министр Мырзағалиев.

Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов өзінің Facebook парақшасында арыстықтар отырған автобустар мен снарядтар құлап зақымданған үйлердің видеосын жариялады.

Кеше, 27 маусымда жүздеген арыстық көшеге шығып, "үйімізге қайтудан қорқамыз, басқа жерден баспана не жер беріңдер" деген. Билікке наразылық күшейген тұста Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жарылыс болған қаланың 28 маусым күні таңғы 8.00-де ашылатынын хабарлаған.

24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.


  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG