Accessibility links

15 күнге қамалып шыққан белсенді полиция әрекетіне шағымданады


Белсенді Құрманғазы Рахметов. Нұр-Сұлтан, 28 маусым 2019 жыл.

Екі күн бұрын 15 күндік қамаудан шыққан белсенді, "Нағыз Желтоқсан" қозғалысының төрағасы Құрманғазы Рахметов өзін "заңсыз қамаған" полиция әрекетіне шағымданатынын мәлімдеді.

Белсендінің айтуынша, оны 10 маусымда "үйінің алдында темекі шегіп тұрған жерінен өзін таныстырмаған азаматтық киім киген екі азамат күштеп ұстап әкеткен". "Тіпті киім киіп шығуға мұрсат бермегенін" айтқан белсенді полиция бөлімшесіне "үй тәпішкесімен" жеткізілгенін айтты.

Белсендінің сөзінше, әуелі телефонын тексеріп, "түк таппаған" полиция белсендінің Facebook парақшасындағы хроникада сақталып қалған екі жазбаға "жабысқан".

- Екі жазбаның бірі - Хасен Қожаахметтің "9 мамыр күні 61 жастағы азаматты шығармасаңдар, мен алаңға шығам" деген жазбасы екен. "Егер мені ұйымдастырушы деп айып тағып жатсаңыздар, тым болмағанда оны бөлісуім керек еді ғой, бөліскенімді көріп тұрсыздар ма?" дедім. Екінші жазба бір сағаттан кейін ғана түскен екен. Екеуін де жөнді қарап үлгермегенмін. Бірақ олардың бар таққан айыбы осы болды, - деді Құрманғазы Рахметов 28 маусымда белсенділермен бірге өткізген жиында.

Белсендінің сөзінше, дәл осы күні жылжымалы сот келіп, ақырында "рұқсат етілмеген митингке қатысқаны үшін" (Әкімшілік соттың 488-бабы, 3-бөлімі) белсендіні 15 тәулікке қамаған. Ол 12 маусымда апелляциялық шағым түсіргенін, бірақ шешім күшінде қалғанын айтты.

Жұма күні болған жиында Рахметов сот құжаттарын да көрсетті. Белсенді енді құзырлы органдарға полиция әрекетіне байланысты шағымданатынын айтты.

Азаттық тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне хабарласқанмен жауап ала алмады. Бұрынғы депутат Серік Әбдірахманов белсендінің қамалуын "бассыздық" деп атайды.

- Мұнда прокурор тергеушісінің хаттамасы жоқ. Не сұрады, не анықтады. Қандай да бір тәртіп бұзғаны туралы дәлел жоқ. Заң тармақтарын қайталап, мынадай жағдайда жауапқа тартылады деп әншейін айтқан. Бұл - қоқан-лоқы. Құрманғазының белсенділігін басу. Басқаны қорқыту, - деді Серік Әбдірахманов.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні және одан кейін елдің ірі қалаларында наразылық шаралары өтіп, азаматтар сайлау және оның нәтижесіне қарсылық білдірді.

Нұр-Cұлтан полициясы наразыларды қалай ұстады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәліметінше, митингілер кезінде республика бойынша төрт мыңға жуық адам ұсталған. Министрдің айтуынша, полиция үш мың азаматты үш сағат ұстап, ескертумен босатқан. Ал 677 адам сот шешімімен әкімшілік қамауға алынған, 305 адамға айыппұл салынған.

12 маусымда БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі басқармасы "Бейбіт шеруде наразыларды жаппай ұстау – Қазақстанның адам құқығы бойынша алған міндеттемелеріне қайшы" деп мәлімдеді. Ұйым Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу мен пікір айту еркіндігін сақтауға, азаматтарға конструктивті түрде саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге шақырды.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG