Accessibility links

Полиция: Теңіздегі оқиғаны зерттеп жатырмыз


Атырау облысының картасы.

29 маусымда әлеуметтік желіде "Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз жұмысшылар ауылында болған төбелес" делінген видео тарады. Бірнеше видеодан жұмысшылар киімін киген адамдардың азаматтық киім киген адамдарды ұрып-соққаны көрінеді.

Атырау облыстық полиция департаменті 29 маусымда түстен кейін Теңіз жұмысшылар ауылындағы оқиғаны зерттеп жатқанын хабарлады.

- Біздің қызметкерлер кетті. Ол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Анықтап жатырмыз. Әзірге анығын айта алмаймын, - деді Азаттыққа өзін кезекші ретінде таныстырған Аманғали Тілепберген.

Жылыой аудандық полиция департаментінің өкілдері де “әзірге не болғаны белгісіз, төбелес фактілері бар” деген хабар тарағанын айтты.

Сенбі күні бұған қоса Теңіз жұмысшылар ауылында мыңдаған жұмысшының ереуілге шыққаны туралы да ақпарат тарады. Өзін "Теңізшевройл" компаниясында жұмыс істеймін деп таныстырған аты-жөнін айтпаған жұмысшылардың бірі 29 маусымда "15 мың жұмысшының наразылыққа шыққанын" айтты.

Ол әлеуметтік желіде тараған видеоларды өзімен бірге істейтін жұмысшылардың түсіргенін айтып, "төбелеске" WhatsApp-та тараған сурет себеп болғанын жеткізді.

"Негізі жұмысшылар баяғыдан-ақ жалақыны талап етіп, ызаланып жүрген еді. Мына суреттен кейін қатты ашуланып, шыдамай кетті" дейді ол.

Азаттық "Теңізшевройл" компаниясына хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, оқиға кезінде бірнеше жұмысшы жараланған.

Атырау облыстық әкімдігіне сілтеме жасаған мемлекеттік БАҚ түстен кейін Consolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CСЕР) компаниясының жұмысшыларымен кездесу үшін облыс әкімінің Теңіздегі вахталық елді мекенге барғанын хабарлады.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG