Accessibility links

Ресей соты Алексей Навальныйды он тәулікке қамады


Саясаткер Алексей Навальныйды ұстаған сәт. Мәскеу, 12 маусым 2019 жыл.
Саясаткер Алексей Навальныйды ұстаған сәт. Мәскеу, 12 маусым 2019 жыл.

Мәскеудің Хорошевский аудандық соты оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды он тәулікке қамады. Билік оны митингілер туралы заңды екінші рет бұзды деп айыптады.

Айыптау құжатында Навальныйдың 12 маусым күні "Медуза" басылымының журналисі Иван Голуновты қолдау акциясы кезінде наразылармен бірге жолды жауып, саяси ұрандар айтқаны жазылған.

Өткен аптада Хорошевский аудандық соты Навальныйдың үстінен қозғалған әкімшілік іс материалдарын "оны қарауға кедергі келтіретін олқылықтарды жою үшін" Строгино аудандық полиция бөліміне кері қайтарған.

Коррупциямен күрес қорының негізін қалаушы Алексей Навальный 1 шілде күні өткен сотта полицейлер айғақ ретінде көрсеткен фото және бейнежазбаларда өзінің жоқ екенін айтты. Сонымен бірге Навальный полицейлер оның "жолды жапқаны туралы" рапортында көрсеткен жерде өзінің болмағанын айтады.

Саясаткер өзінің қамауға алынуын биыл 8 қыркүйекте өтетін Мәскеу қалалық думасы сайлауымен байланыстырады. Навальный оған оппозициядан кандидаттар ұсыну үшін сайлауалды компаниясын бастаған.

Навальный штабының белсенділері мен Коррупциямен күрес қорының өкілдері жиі шабуылға ұшырап, қамауға алынады. Навальный биылғы жыл басынан бері алғаш рет қамауға алынды. Осымен әкімшілік істер бойынша он екінші рет қамалған оппозициялық саясаткер қазірге дейін екі жүз тәуліктен астам уақытын абақтыда өткізген.

12 маусымда журналист Иван Голуновты қолдау акциясында полиция 500-ден аса адамды ұстаған. Билік өкілдері бейбіт түрде жиналғандарға күш қолданып, бірнеше адам дәрігер көмегіне жүгінген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG