Accessibility links

Ұлыбритания Иранмен арадағы ядролық келісімнен бас тартуы мүмкін


Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джереми Хант.

Лондон Тегеранмен арада жасалған ядролық келісімнен шығуы мүмкін. Бұл туралы 1 шілдеде Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джереми Хант мәлімдеді. Ол келісім бойынша, Иран ядролық бағдарламасынан бас тартқан жағдайда бұл елмен сауда-саттық қарым-қатынасын қайта қалпына келтіру көзделген.

Ұлыбритания премьер-министрі қызметіне екі үміткердің бірі – Хант бұл ескертуін Иран билігінің байытылған уран өндірісі жайлы мәлімдемесінен кейін жасады.

Иран сыртқы істер министрі Джавад Зариф Тегеран уран гексафторидінің өндірісін рұқсат етілген межеден асырып жібергенін айтқан. Иранның Fars ақпарат агенттігінің хабаралуынша, елде байытылған уран қоры қазір белгіленген шектен (300 килограмм) асып кеткен.

2017 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп бұл келісімнен бас тартып, Вашингтон Тегеранға қарсы қаржы және экономикалық санкцияларды қайта салған.

Келісім аясында Иран ядролық бағдарламасына мониторинг жүргізетін Халықаралық атом энергиясы агенттігі Тегеранның байытылған уран көлемін асырғанын растаған еді.

Иран 2015 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі (АҚШ, Қытай, Ресей, Франция мен Ұлыбритания) және Германиямен арада өзінің ядролық бағдарламасын реттеу туралы жасалған келісімге қол қойған. Ресми түрде "Кең қамтылған біріккен іс-қимыл жоспары" деп аталған бұл келісімнен АҚШ былтыр мамыр айында шығып кеткен. Келісім бойынша, Иран ядролық бағдарламасына байланысты міндеттемелерді орындаған жағдайда бұдан бұрын салынған санкцияларды алып тастау көзделген болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG