Accessibility links

Нұр-Сұлтанда мүгедек баласы бар аналар үй мәселесін шешуді талап етті


Мүгедек баласы бар аналар үй кезегіне наразы болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00

2 шілдеде Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі баласы бар оннан астам ана Министрлер үйінің алдына барып, биліктен баспана мәселесін шешуді сұрады. Үкіметке келген аналар биліктен мүгедек баласы бар отбасыларды бірінші кезекке қоюды талап етті. Нұр-Сұлтан, 2 шілде 2019 жыл.

Бүгін, 2 шілдеде Нұр-Сұлтанда мүгедек баласы бар оннан астам ана Министрлер үйінің алдына барып, биліктен баспана мәселесін шешуді сұрады. Олар биліктен мүгедек бала бағып отырған отбасыларды кезектің басына қоюды талап етті.

Министрлер үйіне келген Нұр-Сұлтан тұрғыны Әсемгүл Ахметова "үкімет алдымен көп балалы отбасыларды, одан соң жалғызбасты аналарды, одан кейін мүгедек балалары бар отбасыларды кезекке қоятынын" айтып, наразы болды.

Наразы аналармен кездесуге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова мен Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов шықты. Жақыпова бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімі болған Бақыт Сұлтановтың мүгедек балалары бар аналардың жағдайын шешуге өз жоспары болғанын, ал жаңа әкім Алтай Көлгіновтің енді қандай шешім қабылдайтынын білмейтінін айтты.

Ал Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимовтың сөзінше, әкімдік тұрғындарды үй кезегіне құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті анықтаған тізім бойынша қояды. Қаналимов комитет құрған кезек бойынша үй бөлінетінін, басқа үй кезегі болмайтынын жеткізді. Әкімдік өкілі кезекпен келіспегендер құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне арыздана алатынын айтты.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, үй кезегін түзгенде алдымен жетімдер, көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналарға басымдық беріледі. Одан кейін кезекке мүгедек бала асырап отырған отбасылар қойылады.

Қала әкімдігінің дерегенше, Нұр-Сұлтанда 46 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Билік оларды баспанамен қамту үшін шамамен1 миллиард теңге қажетін айтқан.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Балалардың ата-анасы түнгі ауысымдағы жұмысына кеткені айтылған. Осы оқиғадан соң Қазақстанның бірнеше қаласында аналар наразылығы өткен. Көп балалы, жалғызілікті және мүгедек бала бағып отырған аналар үкіметтің әлеуметтік көмегін сынап, биліктен баспана сұраған.

6 ақпанда Нұр-Сұлтанда аналар Астана концерт залындағы жиында биліктен "мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандарға адам басына тиесілі шаршы метрдің халықаралық стандарттары ескеріліп, тегін баспана беруді, сол үшін арнайы тұрғын үй қорын жасауды" талап еткен.

Алматы мен Шымкенттегі наразылық кезінде де аналар үкіметтен баспана мәселесін шешуді сұраған. Билік баспана сұраған әр ананың талабының заңды-заңсыздығын тексеретінін айтқан.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG