Accessibility links

БҰҰ: Беларусь билігі адам құқығын бұзып отыр


"Хартия-97" құқық қорғау ұйымы тағайындаған Виктор Ивашкевич атындағы сыйлыққа ие болған беларусь құқық қорғаушылары. Минск, 21 наруыз 2019 жыл.

Беларусь билігі адам құқығын бұзуды тоқтатпай отыр. Бұл туралы БҰҰ-ның Беларусьтегі адам құқығының жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашысы Анаис Марин мәлімдеді. 2 шілдеде жариялаған есебінде Марин бұл елдегі адам құқығының жағдайы жақсармағанын айтты.

БҰҰ-ның арнайы өкілі Беларусь билігі өлім жазасын қолданудан бас тартуға саяси күш-жігер танытпай отыр деп мәлімдеді. Беларусь - Еуропада және постсоветтік кеңістікте өлім жазасын әлі күнге дейін қолданатын жалғыз мемлекет. Бұған қоса Марин Беларусьте БАҚ туралы заңға түзетулер енгізілгеннен кейін сөз бостандығы мен пікір айту еркіндігін қосымша шектеулер пайда болғанын сынады. Оның пікірінше, бұл шара билікті сынайтындарға сес көрсету мақсатымен қабылданған. Бұл олардың қоғамдық дебаттарға қатысуына мүмкіндік бермеудің амалы дейді сарапшы.

Сонымен бірге Марин елдегі тіркелмеген ұйымдардың жұмысын декриминализациялау және көпшілік шаралар ұйымдастыруға рұқсат беру тәртібін жеңілдетуді құптарлық іс деп атаған. Алайда Беларусь билігі азаматтардың бірігу және бейбіт митингілер өткізу құқықтарын үнемі бұзады дейді ол.

Марин биліктің азаматтық қоғаммен диалог орнатуға талпынысын және БҰҰ-ның құқық қорғау механизмдерімен байланысты қайта жандандыруға бағытталған іс-әрекеттеріне де оң баға берген.

БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы есірткімен күрес жөніндегі қатаң саясат аясында жауапқа тартылған кәмелетке толмағандар жазасын өтейтін орындардағы жағдайдың нашарлығына ерекше назар аударған. Бұған қоса ол цыгандар мен ЛГБТ қауымдастығы тәрізді топтарға қысым мен кемсіту тиылмай отырғанын айтқан.

Минск БҰҰ арнайы баяндамашысының мандатын мойындамайды және оны елге кіргізбей қойған. Сол себепті Анаис Марин Беларусь туралы есебін елден тыс жерде дайындаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG