Accessibility links

Путин "саясаттан кету жайлы әңгіме қозғауға әлі ерте" деп санайды


Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин Италияның Corriere della Sera басылымына берген сұхбатында "президенттік өкілеті аяқталғаннан кейін не істейтіні жайлы" сұраққа да жауап берген.

"2024 жылы президенттік өкілетіңіз аяқталған соң саясаттан кетесіз бе немесе басқа қызметте қаласыз ба?" деген сұраққа Путин "бұл жайлы айту әзірге ерте" деп қазір президент ретінде шаруасы бастан асатынын алға тартқан.

Путин сұхбатының жазбаша нұсқасы Кремль сайтында Ресей президентінің Италияға сапары қарсаңында жарияланды.

Бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде Путин мұрагерлік жайлы 2000 жылдан бастап ойлана бастағанын айтқан еді. Алайда "Ресей - демократиялық ел, сондықтан мұрагер сайлауда дауыс беру арқылы анықталады" деп қосқан.

2018 жылы қараша айында "өкілетіңіз аяқталғаннан кейін елдің жағдайын қалай елестетесіз?" деген сұраққа Путин "қайда асығып барасыз? Әзірге ешқайда кетейін деп жатқам жоқ" деп жауап берген.

Владимир Путиннің президенттік өкілеті 2024 жылы аяқталады. Ресей конституциясына сәйкес, президент үшінші мерзімге сайлана алмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG