Accessibility links

Полиция "заңсыз митингіге шақырған" бірнеше адамды ұстағанын хабарлады


Рұқсат етілген митинг өткен маңда тұрған полиция көлігі. Алматы, 30 маусым 2019 жыл.

5 шілдеде Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы полиция департаменті "митингіге шақырған" оннан астам адамға қатысты шара қолданғанын хабарлады. Сыншылардың пайымдауынша, Қазақстан билігі "6 шілдеде наразылық шарасы болады" деп қауіптеніп, алдын ала "шаралар" қолданып жатыр.

Нұр-Сұлтан полиция департаменті 5 шілдеде жеті тұрғын Мамбетов, Онланбекқызы, Мұстафина, Горохов, Нурушева, Есхожин, Байнукей "митингіге шақырды деген күдікпен" арнайы орынға қамалғанын мәлімдеді. Нұр-Сұлтан полиция департаменті елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар тоғыз адамның үйіне тінту жүргізгенін, олардан компьютер, смартфон, флеш карта тәркілегенін хабарлады.

Алматы қаласы полиция департамені баспасөз қызметі Facebook парақшасында 4 шілдеде "әлеуметтік желі арқылы митингіге шақырған" 1967 жылғы Абдрахманов есімді қала тұрғынын 10 күнге қамағанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, Алматы полиция департаменті 1948 жылы туған Өтебаева есімді азаматтан "митингіге шақырған парақшалар тәркілеп", оған 50 айлық есептік көрсеткіш (126 250 теңге, шамамен 330 доллар) көлемінде айыппұл салғанын хабарлады.

Бұған дейін Алматы соты қала тұрғындары Оксана Шевчукті, Гүлзипа Жаукерованы, Жазира Демеуованы "экстремистік ұйымының жұмысына қатысты» деп айыптап, тергеу изоляторына қамаған. Полиция үшеуін қамау арқылы заңсыз митингінің алдын алғанын" хабарлады. Үш тұрғын өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

4 шілдеде Қазақстан бас прокуратурасы мәлімдеме жасап, "6 шілдеде заңсыз митингіге шыққандар" жазаланатынын ескертті. Мәлімдеме Қазақстанда қызметіне тыйым салынған ҚДТ ұйымының жетекшісі, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтың әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды 6 шілде Астана күні митингіге шақырып жатқан сәтте жарияланды.

Қазақстан Конституциясына сай, халық қарусыз бейбіт шеру, жиын, пикет, наразылық шарасын ұйымдастыруға құқылы. Бірақ жергілікті биліктер түрлі сылтаумен митингіге рұқсат бермейді. 30 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда соңғы бірнеше жылда алғаш рет рұқсат етілген митинг өтті. Шараға қатысқандар жүйені өзгертуді, бейбіт митинг өткізу заңын қайта қарауды талап еткен.

  • 6 шілде Қазақстанда Астана күні ретінде аталып өтеді. Бұл мереке Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді. Қазақстанды 30 жылдай басқарған Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтатқан.
  • Қазір Назарбаев – билік партиясы "Нұр Отанның" төрағасы және Қауіпсіздік кеңесінің басшысы. Назарбаевтың "Ұлт көшбасшысы" және "Елбасы" деген статусы бар. Қазақстан заңына сай, Назарбаевтың өзіне және отбасына қылмыстық іс қозғалмайды.
  • Назарбаев президенттіктен кеткен соң орнына 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Тоқаев 9 маусымда өткен президент сайлауында 70 пайыздан артық дауыс жинап жеңіске жетті. Сайлау күні халық билікке, сайлауға қарсы наразылыққа шығып, полиция мыңдаған адамды ұстаған. Халықаралық ұйымдар сайлау күнгі полицияның әрекетін заңсыз деп сынады. Қазақстан орталық сайлау комиссиясы халықтың наразылығына қарамастан сайлау нәтижесін заңды деп тауып, 12 маусымда Тоқаев ант етіп, қызметіне кірісті.
  • Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы президент сайлауының әділ өткеніне жиі күмән келтіреді. Қазақстан билігі сайлау жайлы сын айтқан халықаралық ұйымдардың мәлімдемесіне ресми түрде жауап бермеген.
  • ҚДТ қозғалысын экс-банкир, Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязов құрған. Қазақстан соты оны сырттай ұзақ уақытқа соттаған. Ал Әблязов өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG