9 шілде күні жиырма шақты көп балалы ана Ақтөбе облыстық әкімдігіне барып, биліктен баспана мәселесін шешіп беруді талап етті. Аналар таңғы сағат тоғыздан жинала бастаған. Араларында кішкентай сәбиін арбамен сүйреп жүргендер де, бауырына қысып алғандар да болды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлайды.
- Бір ай бұрын «9 шілде күні келіңдер, сендерді облыс әкімі Оңдасын Оразалин қабылдайды» деп шығарып салған болатын. Келгенімізге екі сағатқа таяды. Әкімдікке әлі кіре алмай тұрмыз. Бәрімізді қинайтыны - баспана жайы. Оразалиннің бізбен кездесіп, баспана мәселесін ыждағаттап шешіп беруін сұраймын, - деді бес баланың анасы Миуа Бекбосынова.
Тағы бір наразы Гүлзинат Әуезова әкімдікке екі жастағы мүгедек сәбиін көтере келген. Ол қызы екеуі мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысы дәрі-дәрмектен ауыспайтынын айтады. Гүлзинат Әуезованың сөзінше, ол да әкімдікке бірінші рет келіп тұрған жоқ.
- Аналар шулаған сайын әкімдіктің адамдары үйімізге бір қап ұн мен бес келі қант әкеп тастайды. Болды, біз енді ондайға алданбаймыз. Бізге баспана керек, - дейді Гүлзинат Әуезова.
Ал Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметкері Ғани Жәпішев наразы аналар Ақтөбе қаласында тіркелгенін, әйелдердің талабын облыс әкімдігі емес, қала әкімдігі қарайтынын айтты.
Сәлден соң облыс әкімдігіне жеткен Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева мен әлеуметтік салаға жауапты бөлімдердің басшылары аналардың мәселесін жеке-жеке тыңдады.
- Ақтөбе қаласының 22 300 тұрғыны пәтер кезегінде тұр. Соның мың жарымы – көп балалы ана. Жыл соңына дейін кезектегілерге мемлекет есебінен 400 пәтер берілуі тиіс. Бірақ оның бәрі көп балалы аналарға тиесілі емес. Олардан да өзге төрт категория бар. Пәтерлер пропорцияға сәйкес беріледі. Ал кезегін күткісі келмейтіндер банктер арқылы ипотека алуына болады, –дейді Ақтөбе қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Рамазанов.
Әкімдік өкілдерінің сөзінше, жергілікті билік көп балалы аналардың баспана мәселесін «Бақытты отбасы» деп аталатын жаңа бағдарлама арқылы шешпек. Әкімдік қызметкерлері Ақтөбе қаласында бұл бағдарлама бойынша өтініштер екі аптадан соң қабылдана бастайтыны айтты.
Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткені айтылған. Осы оқиғадан соң Қазақстанның бірнеше қаласында аналар наразылығы өткен. Көп балалы, жалғызілікті және мүгедек бала бағып отырған аналар үкіметтің әлеуметтік көмегін сынап, биліктен баспана сұраған.
Қазақстанда көп балалы әйелдер, жалғызбасты аналар мен мүгедек баласы бар әйелдер наразылық білдіріп, әкімдіктерге, парламент пен үкіметке де жиі барып жүр. Олар биліктен жәрдемақы мен баспана мәселесін шешуді талап етеді.
Мамыр-маусымда Нұр-Сұлтанда әйелдер үкіметке және Ақордаға барып, бірнеше рет Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев не премьер-министр Асқар Маминнің кездесуге шығуын талап еткен. Бірақ оларға Назарбаев, Тоқаев не Мамин шыққан емес. Олардың орнына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Астана әкімдігінің өкілдері, мәжіліс депутаттары шығатын. Әйелдер министр, әкімдер, депутаттардың уәдесінен шаршағанын, мәселелерін биліктің басындағыларға жеткізгісі келетінін айтады.
Қазақстан билігі «әр ананың арызының заңды-заңсыздығын тексеретінін» мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР