Accessibility links

"Қызметін асыра пайдаланған" Суханбердиева айыппұлмен босап шықты


Қазақстанның бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева (оң жақта) сот залында босатылғаннан кейін адвокатымен бірге отыр. Нұр-Сұлтан, 10 шілде, 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева (оң жақта) сот залында босатылғаннан кейін адвокатымен бірге отыр. Нұр-Сұлтан, 10 шілде, 2019 жыл.

Бүгін, 10 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық № 2 сотында Қазақстан білім және ғылым министрінің орынбасары жемқорлық айыбымен ұсталған Эльмира Суханбердиеваға қатысты шешім шықты.

Судья Бақытжан Есенов, Суханбердиеваны кінәлі деп танып, оған 2500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Судьяның түсіндіруінше, айыпталушының қамаудағы бір күні 4 айлық есептік көрсеткішке тең, яғни ол 6 миллион 312 мың 500 теңгенің (2500 АЕК-тің) 5 миллион 948 мың 900 теңгесін (2356 АЕК) төлейтін болады. Вице-министр маусымның басында қамауға алынған.

Судья вице-министрді "мемлекеттік қызмет атқару құқығын өмір бойына шектеп, мемлекеттік ордендерінен айыру туралы" шешім шығарды. Эльмира Суханбердиева сот отырысы залында қамаудан босатылды.

Эльмира Суханбердиева ұсталғанда Қылмыстық кодекстің баптары бойынша "пара алды", "қызметін асыра пайдаланды" және "кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты" деген айыпталған. Сот шешімі "қызметін асыра пайдаланды" және "кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты" деген айыптар бойынша шықты. Сот Суханбердиеваға басында тағылған "пара алды" деген айыпты алып тастаған.

Кеше, 9 шілдеде прокурор Эльмира Суханбердиеваға 6,2 миллион теңге (16 мың доллар) айыппұл салуды, мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте отыруға тыйым салуды сұраған.

Жемқорлықпен күрес агенттігі бұған дейін Суханбердиева прокуратурамен процессуалдық келісімге келгенін айтқан. Оған "Қызметтік лауазымын асыра пайдалану" және "Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу" баптарымен айып тағылған.

Бұрынғы вице-министрмен бірге сотқа тартылған Нұр-Сұлтандағы № 3 мектеп-гимназиясының директоры Елена Шеверняеваға "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" деген (ҚК 364 бабы) айып тағылған. Сот Елена Шеверняеваға да бір миллион теңгеден аса сомаға айыппұл салып, мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетті.


Бұған дейін тағы бір пара алған мемлекеттік қызметкерге айыппұл салынып, қамаудан босап шыққан. 2 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық соты "пара алып, орманды отауға заңсыз рұқсат берді" деп айыпталған аймақтағы "Соколовское орман шаруашылығы" мемлекеттік мекемесінің бұрынғы директоры Мереке Құрманғалиевке 6 млн 750 мың теңге айыппұл салған. Айыптау актісіне сай, Құрманғалиев "396 мың теңге пара жеке компанияға 600 куб метр орманды шабуға рұқсат берген". Сот Құрманғалиевтің мемлекеттік қызметте істеуіне өмір бақи тыйым салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG