Accessibility links

Министр Ермекбаев арыстықтардан жеке кешірім сұрауға дайын екенін жеткізді


Нұрлан Ермекбаев.
Нұрлан Ермекбаев.

Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 10 шілде күнгі брифингте Арыс тұрғындарымен жеке кездескен кезде кешірім сұрауға дайын екенін айтты. Оның пікірінше, әскерилер "сөз қуып, популизммен айналысқанша" "нақты шаруамен шұғылдануы тиіс".

- Оқиғадан зардап шеккендермен кездескен кезде кешірім сұрауға дайынмын - бірақ менің ойымша, әскерилердің басты мақсаты сөз қуып, популизммен айналысу емес, нақты іспен шұғылдану, жағдайды түзеу, - деді Ермекбаев.

Ол журналистерге өзінің жауапкершіліктен қашпайтынын, бірақ "жауапкершілік пен кінәні шатыстырмау қажеттігін", соңғы мәселені сот анықтайтынын айтты. Ол бұған дейін арыстықтардың қайғысына ортақтасып, барша әскерилер атынан көңіл айтқанын да алға тартқан.

- Ашығын айтайын, өзім көрген Арыс тұрғындарынан кешірім сұрағанмын, - деді ол. Министр алдағы уақытта арыстықтардан кешірім сұраса, камераға емес, жеке өздерінен кешірім сұрайтынын жеткізді. Ол қорғаныс күштер саласында "бәріне жауапты" қорғаныс министрі сияқты оқиғаға қатты алаңдайтын адамды табу қиын екенін айтқан.

Министрдің айтуынша, қазір тергеу органдары Арыстағы жарылыстың ықтимал себептерін зерттеп жатыр. Өрттің шығуына байланысты алты болжам бар. Қасақана өртеу және диверсия сияқты болжам да қарастырылып жатқанын айтты. Оның айтуынша, әскерилер Арыста тағы кемінде бір ай жұмыс істейді. Кейбір қоймалардың бықсып түтіндетіп жатуы да өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатып жатыр.

Елдің оңтүстігіндегі Арыс қаласында 24 маусымда әскери қойма өртеніп, арты ірі жарылысқа ұласқан. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрілердің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Оқиадан үш адам қаза тапқан: екі әскери және бір жергілікті тұрғын. 400-ден астам адам медициналық көмекке жүгінген. Ондаған адам ауруханаға түскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG