Accessibility links

Әділет министрлігі: Гүлнара Каримованың туыстары шағымданған жоқ


Гүлнара Каримова
Гүлнара Каримова

Өзбекстан әділет министрлігі "Гүлнара Каримова отбасымен ұзақ уақыт кездесті әрі олар Каримова отырған түрмеге ешқандай шағым айтқан жоқ" деп мәімдеді.

Министрлік таратқан ақпарат бойынша, "Гүлнара Каримова 7-10 маусым аралығында туыстарымен бірге болған. Оларға тәртіп бойынша жеке тұрақ берілген және туыстары алып келген заттарға шектеу қойылмаған. Туыстары Каримованың денсаулығына байланысты да шағым айтпаған".

Бұған дейін Каримованың швейцариялық адвокаты Грегуар Манжа әлеуметтік желіде "Өзбекстан Каримованың дәрігерге көрінуіне рұқсат бермей жатыр" деп бірнеше рет жазған.

Гүлнара Каримованың қызы Иман Каримова да Instagram парақшасында "анасымен кездескенін, соңғы кезде оның денсаулығы нашарлап кеткенін" жазған. Бұған дейін Иман Каримова Instagram парақшасы өзіне тиесілі екенін, бірақ жазбаларды өзі емес, өзге адамдар дайындайтынын айтқан.

Гүлнара Каримова 2015 жылы қаржылық алаяқтық жасады, салықтан жалтарды деп бес жылға сотталған. Кейін тағы бірнеше айып тағылып, жаза мерзімі он жылға ұзарған. Бірақ 2018 жылы оның жазасын өтеу мерзімі тағы да бес жылға қысқарып, түрмеден үйқамаққа ауыстырылған. Биыл наурызда Өзбекстан прокуратурасы "Каримова үйқамақта отыру тәртібін бұзды" деп айыпталып, қайта түрмеге жіберілгенін хабарлаған.

Қазір ол Ташкент облысы Зангиатин ауданындағы №21 әйелдер колониясында отыр.

Гүлнара Каримова - Өзбекстанды 27 жыл басқарып, 2016 жылы қыркүйекте қайтыс болған Ислам Каримовтің үлкен қызы. Кезінде оны әкесінің орнын басуы ықтимал ықпалды адам деп санаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG