Accessibility links

Ауғанстанда тәліптердің шабуылынан кемінде алты адам қаза тапқан


Ауғанстандағы қауіпсіздік қызметінің өкілі. Көрнекі сурет.
Ауғанстандағы қауіпсіздік қызметінің өкілі. Көрнекі сурет.

Ауғанстанда тәліптер елдің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан қонақ үйлердің біріне шабуыл жасап, кемінде төрт полицей, екі бейбіт тұрғын қаза тапқан деп хабарлады елдің ресми орындары.

Ауғанстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нусрат Рахимидың айтуынша, 13 шілдеде тал түсте бес содыр Бадгис провинциясының әкімшілік орталығындағы Калайи Нау қонақ үйіне басып кірген. Полиция шабуылдаушылардың үшеуін атып өлтірген, екеуін тұтқындаған.

Қонақ үйдің қызметін пайдаланған екі бейбіт азамат оққа ұшқан. Оқиға куәгерлері AFP агенттігіне содырлардың алғашында полицей блок-постына шабуыл жасағанын айтқан. Кейіннен қонақ үй ғимаратына кіріп, кездескендердің бәріне оқ атқан.

Бадгис провинциясы кеңесінің басшысы Азиз Бек AFP агенттігіне жақын маңдағы мектептердің бірінен адамдарды эвакуациялағанын хабарлаған. Жергілікті аурухана жетекшісі Абдул-Латиф Рустази Азаттық тілшісіне ауруханаға 16 адам түскенін айтқан: 10 полиция қызметкері және алты бейбіт тұрғын. Арасында әйелдер мен балалар да болған.

"Талибан" қозғалысының өкілі Мохаммед Юсеф Ахмади қонақ үйге жасалған шабуылды мойнына алып, "өзін-өзі жаратын адамдардың" жасағанын айтқан.

Көп елде тыйым салынған "Талибан" қозғалысы бұған дейін Вашингтонмен келіссөз жүргізгенімен, соңы сәтсіз аяқталған. Тәліптер "АҚШ пен НАТО күштері Ауғанстаннан кетсе ғана шабуылымызды тоқтатамыз" деп талап қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG