Accessibility links

"Шаңырақ ісімен" сотталғандарды босатуды талап еткен Арон Атабектің қызын полиция алып кетті


Абай ескерткіші алдында өлең оқып тұрған саяси диссидент Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан. 14 шілде 2019 жыл. Суретті Әсем Жапишева түсірген.
Абай ескерткіші алдында өлең оқып тұрған саяси диссидент Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан. 14 шілде 2019 жыл. Суретті Әсем Жапишева түсірген.

Шілденің 14-і күні "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталған ақын Арон Атабектің қызы Айдана Айдарханды Алматыдағы Абай ескертішінің алдында әдеби акция өткізіп тұрғанда полиция алып кетті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Айдана әкесінің түрмеде жазған өлеңдерін оқыған. Әкесінің суреті бар, #freearonatabek #shanyraqbostandyq деген жазуы бар плакат ұстаған ол акция барысында осы іс бойынша сотталғандардың барлығын ақтап, босатуды талап етті.

- Ақындар үнемі халық мұңын, зарын айтады. Оларды әрдайым тыңдаған. Бірақ қазір ақындарды ұстап, тұншықтыруға тырысып жатыр. Себебі олардан қорқады. Әкемнің түрмеде отырғанына 13 жыл болды. Осы уақыттың басым бөлігін карцерде өткізді. Оның бетон еденде ұйықтауына тура келген. Соның салдарынан оның аяғындағы жарақаты (Бақайды қорғаған кезде алған жарақаты) асқынып, аяғын мүлде бүге алмайтын болған, - деді акция барысында Айдана Айдархан.

Ол соңғы рет әкесін 13 жыл бұрын сот залынан көргенін, әкесінің 2006 жылы сот үкіміне наразылық ретінде денесін ұстараның жүзімен тілгенін айтты. Әкесімен арадағы хаттардың баяу (екі ай мен бір жыл аралығында) жүретінін айтқан Айдана Айдархан оның үйіне хабарласуға құқығы бола тұра оның тапталып отырғанын айтты.

Оның айтуынша, әкесінің мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш беретін уақыты келген. Бірақ өтініш бермеген, себебі ол өзін кінәлімін деп санамайды. "Оның отбасы да бұл шешімін құптайды, себебі ол түрмеде жазықтан-жазықсыз отыр" деді Айдана Айдархан.

Оқи отырыңыз: "Ақпаратқа зәру, киімі тозған". Арон Атабектің түрмедегі жағдайы

Ол шара кезінде қазіргі кезде "Шаңырақ ісі" бойынша Құрманғазы Өтегеновтің де түрмеде отырғанын, оны да ақтап шығаруды талап етті.

Көп кешікпей оқиға орнына бірнеше полиция қызметкері келіп, Айдана Айдарханның төлқұжатын сұрап, "рұқсат етілмеген акция өткізуге болмайтынын" айтты. Полиция қызметкерлерінің бірі Арон Атабектің кітабын қолына алып, парақтап көрді. "Кітапты не үшін парақтап тұрсыз? Мазмұнын тексеріп жатсыз ба?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына "барлық сұрақты баспасөз қызметіне қойыңыз" деді. Сәлден соң олар Айдана Айдарханды полиция көлігіне отырғызып, алып кетті. Оқиға орнында болған кейбір белсенділер "Айдана, біз сенімен біргеміз! Жарайсың!" деп айғайлады.

Куәгерлердің айтуынша, оны Медеу аудандық полиция бөлімшесіне алып кеткен. Әзірге Азаттық полиция бөлімшесінен жауап ала алмады.

Шілденің 14-інде "Шаңырақ оқиғасына" 13 жыл толды. 2006 жылы дәл осы күні Алматының шетіндегі "Шаңырақ" ықшам ауданында "жер телімдерін заңсыз иеленіп үй салды" деп айыпталған тұрғындар мен олардың үйлерін қиратуға келген полиция арасында қақтығыс болған. Жаппай қақтығыс кезінде 24 жастағы полицей Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол 12 күннен кейін Алматыдағы №12 ауруханада көз жұмған.

"Шаңырақ оқиғасы" бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот 2007 жылдың күзінде төрт адам – Арон Едігеевті (Атабек - әдеби бүркеншік есімі) 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновті 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті 15 жылға және Рүстем Тұяқовты 14 жылға соттаған.

Бұған дейін Ерғанат Тараншиев пен Рүстем Тұяқов шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.

2010 жылы Арон Атабекке "Тұтқындағы шығармашылық иесі" (Imprisoned аrtist) номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілген. Еуропарламент 2019 жылы наурыздың 14-і күні Қазақстан туралы қабылдаған қарарында "қазір қамауда отырған барлық белсенділер мен саяси тұтқындарды", соның ішінде Арон Атабекті дереу босатуға шақырған.

Арон Атабек Павлодардағы АП-162/1 мекемесінде қамауда отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG