Accessibility links

Тоқаев "кейбір адамдардың жөн-жосықсыз баспана талап етіп жатқанын" айтты


Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында «соңғы уақытта баспана елдегі ең үлкен әлеуметтік мәселеге айналғанын» айтты. Ол үкіметке «бұл мәселені бақылауда ұстауды» тапсырды.

Тоқаев «кейбір адамдар биліктен жөн-жосықсыз баспана талап етіп жатқанын, бұл мәселені шешпейтінін» айтады. Тоқаевтың сөзінше, бұл мәселені үкімет өзі шешеді.

Елде ақпаннан бері көп балалы аналар мен мүгедек баласы бар әйелдердің наразылығы көбейді. Нұр-Сұлтанда және елдің басқа қалаларында әйелдер биліктен әлеуметтік жағдайды жақсартуды, баспана беруді талап етіп келеді. Нұр-Сұлтанда көп балалы аналар бірнеше рет Ақордаға барып, президент Тоқаевпен кездеспек болған. Бірақ оларға Тоқаев шықпаған. Сондай наразылық шараларының бірі 12 шілдеде өтті. Әйелдер Ақордаға кірмек болғанда олардың жолын арнайы жасақ бөгеген.

Көп балалы аналар, жалғызбасты аналар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйелдер әкімдік пен министрлікке бірнеше рет барса да, баспана мәселесі шешілмей жатқанын айтады.

Осыған дейін Нұр-Сұлтандағы аналар наразылығынан кейін елдің ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «билік алаңға шыққандардың бәріне пәтер тарата бермейтінін» айтқан.

«Мемлекет көп балалы аналарға көмектеспей отырған жоқ. Бірақ әр нәрсенің шегі болады» деген Абаев.

15 шілдеде Тоқаев президент қызметіне кіріскеннен кейінгі алғаш рет үкімет отырысын өткізді. 9 маусымдағы президент сайлауында Тоқаев 70 пайыздан артық дауыс жинап, жеңіске жеткен. Халықаралық бақылаушылар мен жергілікті тәуелсіз бақылаушылар президент сайлауында көптеген заң бұзу фактілері болғанын айтқан. Шағымдарға қарамастан Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауын «барлық стандарттарға сай өткенін» мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG