Accessibility links

Билік Атабек пен Өтегеновтің "құқығы бұзылып жатыр" деген ақпаратты терістеді


Арон Атабек (сол жақта) пен Құрманғазы Өтегеновтің сот залындағы сәті. Алматы, 5 қазан 2007 жыл.

2006 жылы болған Шаңырақ оқиғасынан соң ұзақ жылға сотталған Құрманғазы Өтегенов пен Арон Едігеев (ақынның лақап тегі – Атабек) қазір Павлодардағы тергеу изоляторында (АП-162/1 мекемесі) отыр. Бұл туралы Азаттықтың ресми сауалына жауап берген Павлодар облыстық қылмыстық-атқару департаменті хабарлады.

Департамент хатында "Өтегенов мекемеге Павлодардағы қатаң режимдегі түрмеден тергеу жүргізілуіне байланысты көшірілді. Оған күш қолданылған жоқ. Денсаулық жағдайы қанағаттанарлық" деп жазылған. Жауапқа қарағанда, "диспансерлік есепте тұрған" Өтегенов "қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген", "бірнеше рет амбулаториялық және стационарлық ем қабылдап", оған "диеталық тамақ берілген".

Департамент Павлодардағы осы мекемеде бес жылдан бері отырған Арон Атабекке (Едігеев) қатысты да осындай ақпарат жазады. Хатта "Едігеев диспансерлік есепте тұр. АП-162/1 мекемесіндегі медицина бөлімшесінде дәрігер қарауынан ұдайы өтіп тұрады. Қазір сотталған Едігеевтің денсаулығы қанағаттанарлық. Ем қабылдамайды" деп жазылған.

Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті "түрме әкімшілігі Арон Атабекті оқшаулап ұстап отыр" деген ақпаратты жоққа шығарып, "сотталушының құқықтары мен міндеттері қылмыстық-атқару заңнамасында сай сақталып отыр" деп жазады.

Бірер күн бұрын Азаттық павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенованың Өтегеновке қатысты мәлімдемесінен соң жауапты департаментке сауал жолдаған. Семенова Өтегеновпен бұрын сотталушы отырған қатаң режимдегі түрмеде кездесе алмап еді. Колония әкімшілігі Өтегеновтің тергеу изоляторына көшірілгенін айтқан.

Бұған дейін "түрмедегі ахуалға байланысты бірнеше шағым түсірген Өтегеновке қысым жасалып жатқаны, оның соққыға жығылғаны және сотталушыға түрме таксофонына баруға тыйым салынғаны" туралы хабар тараған. Ал Арон Атабектің "емге мұқтаж екені, оның сыртпен байланысы толықтай үзілгені" айтылған.

2006 жылы 14 шілдеде Алматының шетіндегі Шаңырақ ықшамауданында болған оқиғаларға қатысты деп айыпталып, Өтегенов 16 жылға түрме жазасына кесілген. Кейін оған "түрме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады" деген айып тағылып, негізгі жаза мерзіміне тағы екі жарым жыл қосылған. Арон Атабек "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін" 18 жылға сотталған. Ол жазасын жалғыз кісілік камерада өтеп жатыр.

"Шаңырақ ісі" бойынша түрмеге қамалған төрт адамның екеуі – Рүстем Тұяқов пен Ерғанат Тараншиев 2018 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.

Оқи отырыңыз: "Шаңырақ ісі" көмескі тартса да екі азамат әлі түрмеде отыр

2006 жылы Алматының шетіндегі "Шаңырақ" ықшам ауданында "жер телімдерін заңсыз иеленіп үй салды" деп айыпталған тұрғындар мен олардың үйлерін қиратуға келген полиция арасында қақтығыс болған. Жаппай қақтығыс кезінде 24 жастағы полицей Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол 12 күннен кейін көз жұмған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG