АҚШ конгресінің өкілдер палатасы президент Дональд Трампты айыптаған резолюцияны мақұлдады. Парламент мүшелері президенттің Twitter-дегі бірнеше мәлімдемесінен нәсілшілдік байқаған.
Бұл жазбаларда президент өзін сынаған парламенттің төрт мүшесіне (үшеуі АҚШ-та туылса да) өздері "туып-өскен" елдегі жемқорлық пен қылмысты жоюға шақырған.
16 шілдеде палатада дауыс беру партиялық тізім бойынша өтті: төрт республикалық және бір тәуелсіз парламентарий көпшілік болып отырған демократтарға қосылды. Резолюция символикалық сипатқа ие. Заң бойынша енді ол конгрестің жоғарғы палатасы сенат қарауына жібереледі. Бірақ онда басым көпшілігі республикалықтар отырғандықтан резолюция мақұлданбауы да мүмкін.
Президенттің "нәсілшілдік сипаттағы" алғашқы жазбасы жексенбі, 14 шілдеде пайда болған. Конгресмен-демократтар төрт парламентарий-әйел - Александрия Окасио-Кортез, Рашида Тлейб, Ильхан Омар мен Айанна Пресслиді қорғауға кірісті.
Көпшілік сынына қарамастан президент жазғандарынан бас тартпай отыр. Сейсенбі, 16 шілдеде журналистердің болашақта мұндай мәлімдемелерден бас тартады ма деген сұрағына "Еліміз туралы жағымсыз пікір білдіретіндер бар болғаны жақсы емес деп ойлаймын" деп жауап берген. Бұдан бөлек, президент өзіне қатысты импичмент процедурасын бастауға шақырған конгресмендерді де айыптады.
ПІКІРЛЕР