Accessibility links

Ақтауда "пара алды" деп айыпталған әкімнің экс орынбасарының соты басталды


19 шілдеде Ақтау соты "пара алды" деген күдікпен ұсталған Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Серік Аманғалиевке қатысты қозғалған қылмыстық істі қарай бастады.

Таңертең басталған отырысы кешке дейін созылды. Сотта Маңғыстау облысының дене тәрбиесі және спорт басқармасының бұрынғы бастығы Нұрбек Қарабалаев пен істі болған әкімнің бұрынғы көмекшісі және бірнеше мемлекеттік қызметкер куәлік етіп жатыр. Істі судья Ғафу Шаров қарайды.

Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы Гаухар Нұрханованың сөзінше, сот процесі ашық. Сот 22 шілдеде жалғасады.

2018 жылы қарашада Ақтау халықаралық әуежайында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы өкілдері Аманғалиевті ұстаған. Одан 115 мың еуро көлемінде ақша табылғаны хабарланған. Жергілікті ақпарат құралдары "Аманғалиев аймақта мұз айдын салмақ болған мердігерден пара алды" деп күдікке ілінгенін жазған.

Кейін 59 жастағы Серік Аманғалиевке Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлімімен ("Пара алу") іс қозғалып, ол қамауға алынған.

Серік Аманғалиев 2017-2018 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен. Ол бұған дейін Атырау облыстық әкімдігінің білім департаментін басқарған, Құрманғазы ауданының әкімі болған. 2008-2011 жылдары Қазақстан президенті әкімшілігінің бөлім басшысы қызметін атқарған.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG