Accessibility links

Украинада парламент сайлауы басталды


Киевтегі сайлау учаскелерінің бірі. 19 шілде 2019 жыл.
Киевтегі сайлау учаскелерінің бірі. 19 шілде 2019 жыл.

Украинада жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8-ден бастап ел парламенті – Жоғарғы Раданың кезектен тыс сайлауына дауыс беру басталды. Сайлау учаскелері кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Украина заңы бойынша, бір палаталы Жоғарғы Рададағы 450 орынның жартысы партиялық тізім бойынша, қалған жартысы – мажоритарлық (бір мандаттық) жүйе бойынша сайланады. Бірақ ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Донецк мен Луганск облыстарындағы кейбір аудандарда, сонымен бірге 2014 жылы Ресей өзіне қосып алған Қырым түбегінде дауыс беру өтпейтіндіктен бұл жолы Радаға 424 депутат сайланады. Бұл орындардан шамамен алты мың кандидат үмітті.

Владимир Зеленский мамыр айында президент ретінде қызметіне кірісе сала Жоғарғы раданы тарататынын хабарлаған.

18 шілдеде жарияланған "Рейтинг" тобының әлеуметтік сауалнама қорытындысына сәйкес, бес пайыздық межеден сайлауға қатысуға тіркелген 22 партияның бесеуі өте алады: "Халық қызметшісі", "Өмір үшін оппозициялық платформасы", "Еуропамен ынтымақтастық", "Батькивщина" жалпыукраиналық бірлестік" партиясы, "Дауыс". Бұдан бөлек, тағы екі партияның парламентке өтуге мүмкіндігі бар. Сайлаушылардың елу пайызына жуығы Зеленскийдің "Халық қызметшісі" партиясына дауыс беруі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG