Accessibility links

Экзит-полл: Зеленскийдің партиясы алда келеді


Украина президенті Владимир Зеленский экзит-полл қорытындысы белгілі болғаннан кейін жақтастары алдында сөйлеп тұр. Киев, 21 шілде 2019 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский экзит-полл қорытындысы белгілі болғаннан кейін жақтастары алдында сөйлеп тұр. Киев, 21 шілде 2019 жыл.

Киев уақытымен кешкі 20.00-де Украинадағы президент сайлауына байланысты экзит-полл қорытындысы жарияланды. Оның нәтижесі төмендегідей болды:

  • 43,9 пайыз - "Халық қызметшісі" (Владимир Зеленскийдің партиясы);
  • 11,5 пайыз – "Өмір үшін оппозициялық платформасы";
  • 8,9 пайыз – "Еуропамен ынтымақтастық" (Петр Порошенконың партиясы);
  • 7,6 пайыз – "Батькивщина" жалпыукраиналық бірлестік" партиясы (Юлия Тимошенконың партиясы);
  • 6,3 пайыз – "Голос" (музыкант Святослав Вакарчук партиясы).

Осылайша алдын ала мәліметке сәйкес, Жоғарғы Радаға бес партия өткен.

Бұл Киев уақытымен кешкі 18.00-дегі жағдай бойынша экзит-полл қорытындысы және ол тек партиялық тізім бойынша сайланатын (225) депутаттарға байланысты көрсеткіш.

21 шілдеде Украинада кезектен тыс парламент сайлауы өтті. Оған сайлаушылардың 36,6 пайызы қатысқан.

2014 жылғы парламент сайлауы сияқты бұл жолы да Украинада пропорционалды-мажоритарлы сайлау жүйесімен дауыс берді. Оған 22 партия, 6 мыңға жуық кандидат қатысқан.

Бір палаталы Жоғарғы Рададағы 450 орынның жартысы партиялық тізім бойынша, қалған жартысы – мажоритарлық (бір мандаттық) жүйе бойынша сайланады. Бірақ ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Донецк мен Луганск облыстарындағы кейбір аудандарда, сонымен бірге 2014 жылы Ресей өзіне қосып алған Қырым түбегінде дауыс беру өтпегендіктен бұл жолы Радаға 424 депутат сайланады.

Владимир Зеленский мамыр айында президент ретінде қызметіне кірісе сала Жоғарғы Раданы тарататынын мәлімдеген еді. Ол украиналықтардың парламентке сенімі жоғалғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG